Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Жасанды интеллект жасаған суреттерді бір секундта анықтайтын сервис туралы білесіз бе?

Жасанды интеллект жасаған суреттерді бір секундта анықтайтын сервис туралы білесіз бе?

3

РВБ компаниясы (Wildberries & Russ біріктірілген компаниясы) жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк суреттерді анықтайтын өз сервистерінің бета-нұсқасын ашық түрде іске қосты. Жаңа шешім бірнеше секунд ішінде суреттің ЖИ арқылы жасалғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Детектордың бета-нұсқасы тегін және барлық қолданушылар үшін қолжетімді. Әрбір пайдаланушы ай сайын жүз тексеру жүргізе алады. Ашық тестілеу барысында команда анықталған кемшіліктерді түзетіп, өнімді әрі қарай дамыту жолын белгілейді. Алдағы уақытта детектор тек суреттерді ғана емес, аудио, видео және мәтіндерді де талдай алатындай етіп жетілдірілмек.

Детекторды әзірлеуге кәсіби AI-суретшілер тартылды. Олардың сараптамасы мен ішкі команда мүшелерінің ауқымды тәжірибесі бірлесіп, жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерді тану дәлдігін 95%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

Сервис әртүрлі жағдайларда тиімді болады. Мысалы, жаңалықтардағы иллюстрацияның шынайылығына көз жеткізуге, интернет-дүкендегі өнімге қатысты пікірлердегі суреттің нақты екеніне сенуге және басқа да ұқсас жағдайларда қолдануға болады..

РВБ компаниясының Trust & Safety бөлімінің жетекшісі Игорь Сомов атап өткендей, шынайылық пен жасандының шекарасы біртіндеп жойылып жатқан әлемде сенім бұрынғыдан да бағалы. «Бета-нұсқа кез келген адамға кез келген суреттің шынайылығын тексеруге мүмкіндік береді, ал болашақта бұл функция басқа форматтағы медиафайлдарға да қолжетімді болады. Біз алдыңғы қатарлы технологияларды еліміздің барлық тұрғындарына қолжетімді етіп отырғанымызға мақтанамыз», – деді ол.