UCLA жобасы он жыл ішінде бөгде өркениеттерден келген радиосигналдарды тіркей алмағанымен, техномаркерлерді 94% дәлдікпен анықтайтын жүйе жасап, Галактиканың біздің бөлігінде радиоцивилизациялар аса сирек кездесетінін дәлелдеді.
Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің (UCLA) радиоастрономдары мен деректерді өңдеу саласының мамандары UCLA SETI жобасының он жылдық жұмысына арналған есепті жариялады. Жоба аясында ғаламнан тыс өркениеттерден таралуы мүмкін жасанды радиосигналдарды іздеу жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар Грин-Бэнк обсерваториясындағы диаметрі жүз метрлік радиотелескопты (GBT) пайдалана отырып, 70 мыңнан астам жұлдыз және планеталық жүйені зерттеп шыққан.
Бөгде саналы тіршіліктен қандай да бір хабар тіркелмегеніне қарамастан, бұл зерттеу технологиялық тұрғыдан маңызды жетістікке айналды. Команда әзірлеген бағдарламалық кешен техномаркерлерді — жасанды шығу тегі бар таржолақты радиосигналдарды — 94% тиімділікпен анықтайды. Бұл көрсеткіш әлемдегі ең ірі ұқсас жобалардың нәтижесінен бірнеше есе жоғары.
Жобаның ғылыми жетекшісі, профессор Жан-Люк Марго (Jean-Luc Margot), аталған зерттеуді саланың қаржыландыру дағдарысына берілген жауап ретінде бағалайды. Авторлар қазіргі астробиологиядағы парадоксты жағдайға назар аударады: экзопланеталардағы биомаркерлерді, яғни тіршілік белгілерін іздеуге миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, әлдеқайда ауқымды ғарыш кеңістігін қамтитын техномаркерлерді іздеу NASA бюджетінің небәрі 0,0007 пайызын ғана алады. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы жаңа гранттық талаптар мұндай жобаларды қолдауға іс жүзінде кедергі келтіріп отыр. Себебі олардан планеталардың іргелі қасиеттерін зерттеуге міндетті түрде үлес қосуды талап етеді. Ғалымдардың пікірінше, бұл — негізсіз бюрократиялық тосқауыл.
Жоба алдындағы ең күрделі мәселенің бірі Жердің радиотолқындық кеңістігінің шамадан тыс «ластануы» болды. Бақылау кезеңінде құралдар 100 миллионнан астам күмәнді сигналды тіркеген. Алайда олардың 99,5 пайызы навигациялық спутниктер мен жерүсті станцияларынан тарайтын техногендік кедергілер екені автоматты түрде анықталған.
Деректерді соңғы кезеңде толық сүзгіден өткізу үшін зерттеушілер жасанды интеллект мүмкіндіктерін және азаматтық ғылым белсенділерінің көмегін пайдаланған. ResNet архитектурасына негізделген свёртпелі нейрондық желілер әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 40 мың ерікті Zooniverse платформасындағы Ғаламда жалғызбыз ба? жобасы аясында белгілеп берген 76 мың үлгі негізінде оқытылды. Жасанды және адам интеллектісінің осындай үйлесімі бөгде кедергілерді 0,99 дәлдікпен ажыратуға мүмкіндік беріп, ғалымдардың уақытын ең перспективалы сигналдарды талдауға бағыттауға жол ашты.
Он жылдық зерттеудің қорытындысы ретінде Галактиканың біздің секторындағы дамыған өркениеттердің бар-жоғына қатысты бүгінге дейінгі ең қатаң статистикалық шектеулер белгіленді. Физиктердің есептеуінше, 95 пайыздық сенімділік деңгейімен алғанда, Жерден 20 мың жарық жылы радиусындағы әрбір 16 мың жұлдыздың біреуінен де азы ғана қуаты Жердегі ең қуатты радарлармен шамалас радиотаратқышқа ие болуы мүмкін.
Бұл нәтижелер ғаламнан тыс ақыл-ой туралы пікірталасты жорамал деңгейінен нақты математикалық есептеулер кеңістігіне шығарды. Осылайша SETI бағыты шетқақпай ғылыми сала болудан арылып, жоғары дәлдікті цифрлық пәнге айналып келеді. Сонымен қатар жоба жүздеген студент пен мыңдаған еріктінің ынтасының арқасында қаржыландыру тапшылығы жағдайында да тиімді жұмыс істеуге болатынын көрсетті.
Darth Sahara
Дереккөз: arXiv
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.












