Алматы қаласының әкімдігі 2025 жылдың соңына дейін бензин мен дизельмен жүретін қоғамдық көліктерден толықтай бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл шешім қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту және көлік жүйесін заманауи бағытта дамыту мақсатымен қабылданған.
Қала әкімдігі Қытайдың мемлекеттік Inspur компаниясымен бірлесіп, «ақылды көлік жүйесін» енгізуді көздейді. Жобаның аясында 600 газбен жүретін және 200 электр автобусы сатып алынбақ. Бұл автобустарды қала бюджетінен қаржыландыру жоспарланған. Сонымен қатар, жеке тасымалдаушылар да өз автопаркін жаңартуы тиіс. Оларға 800 газбен жүретін және 118 электр автобус алу міндеттеледі.
Бүгінде Алматыда жүріп жатқан қоғамдық көліктердің шамамен 60 пайызы дизельмен жұмыс істейді. Қалалық әкімдік жыл соңына дейін бұл автобустарды толықтай қаладан шығаратынын мәлімдеді. Сәуір айының соңында жаңа автобустарды сатып алу бойынша байқаулар жарияланды. Жаңа көліктер алдымен қалалық автобустар паркіне беріледі.
Бұл бастама Алматының көлік жүйесін тиімдірек етіп қана қоймай, қала экологиясына да оң әсерін тигізеді. Жаңа автобустар қоршаған ортаны ластамайды, ал интеллектуалды жүйе көлік қозғалысын оңтайландырып, тығындарды азайтуға көмектеседі.