Home Технологиялар Инновациялар Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

24

Жасанды интеллект қазақстандықтардың өміріне қарқынды түрде еніп, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, логистика және ғылыми зерттеулер сияқты көптеген салада кеңінен қолданылуда.

Жақында өткен Digital Almaty форумында ІТ-технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген 80-нен астам стартап таныстырылды. Олардың арасында қомақты табысқа жеткен жобалар да, алғашқы инвесторын іздеп жүргендері де бар. Бүгінде көптеген ірі компаниялар жасанды интеллектіні дамудың жаңа мүмкіндігі ретінде қарастырады.Бұл мақалада біз табысқа жеткен екі ерекше жобаға тоқталып, олардың тәжірибесінен алынатын құнды сабақтармен бөлісеміз.

Pwron.ai – маркетингтік зерттеулер мен аналитикаға арналған заманауи платформа

— Форумда қандай өнімді таныстырып жатырсыздар?

 «Біз – маркетинг саласында көп жылдық тәжірибесі бар мамандармыз. Бұрын компанияларға зерттеу жүргізіп, нарықты талдауға көмектестік. Енді өзіміздің маркетингтік зерттеулер мен аналитикаға арналған платформамызды ұсынып отырмыз. Біздің өнім бәсекелестердің сайттары, тұтынушылардың пікірлері, әлеуметтік желілер мен ресми статистика секілді ашық дереккөздерден мәлімет жинайды. Бұл деректер жасанды интеллект көмегімен өңделіп, құрылымдалады. Нәтижесінде, клиентке өнім дайын аналитикалық есеп түрінде ұсынылады. Бүгінде біздің қызметімізді Қазақстан ғана емес, шетелдік компаниялар да пайдалана бастады»,- деп Татьяна Плотникова мен Наталья Демченко өз жауабында атап өтті .

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

— Бұл платформа қандай салаларда қолданылады?

 -Біз белгілі бір салаларда терең зерттеулер жасап, нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейміз. Сондықтан барлық нарыққа бірден ене салмай, жақсы білетін бағыттарымызға басымдық бердік. Қазіргі таңда үш салада тәжірибеміз мол:

Өз мансабымызды құрылыс және жылжымайтын мүлік бағытында жұмыс істеп бастадық. Алғашқы клиенттеріміз де осы нарықтан болды.Қазір банк секторына бет бұрдық. Сондай-ақ телекоммуникация саласына ерекше назар аударып отырмыз, өйткені бұл салада бізде мол тәжірибе бар.

Егер құрылыс пен жылжымайтын мүлік нарығын қарастырсақ, біз клиенттің сұранысына қарай кешенді талдау жүргіземіз. Бұл нарықтағы баспанаға деген сұраныс, бағалар, әр өңірдің ерекшеліктері, бәсекелестердің сатылым қарқыны, олардың артықшылықтары мен осал тұстары, соңғы стратегияларына байланысты.Тіпті жылжымайтын мүлік нысандарының орналасуына қарай тұтынушылардың пікірлері де ескеріледі.

– Сіздер нарықты қалай таңдайсыздар?

– Біз екі негізгі қағиданы басшылыққа аламыз. Біріншіден, нарық ауқымды әрі нақты сұраныс болуы керек. Сұраныс болмаса, шешім ұсыну қиынға соғады.

Екіншіден, біздің өнім бизнестің нақты қажеттілігін өтеп, құндылық беруі тиіс. Қазір бұл жылжымайтын мүлік саласында өз нәтижесін көрсетіп отыр. Біздің клиенттер Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де табылады.

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

Қазір қаржы секторында өнімімізді тестілеуден өткізудеміз, әрі қарай басқа нарықтарға шығуды жоспарлап отырмыз.

Біз барлық аспектілерді ескереміз: тұтынушылардың қаншасы оң пікір қалдырды, қаншасы керісінше наразы болды? Клиенттер компанияны не үшін мақтайды, қандай тұстарын сынайды? Тіпті қай менеджерлердің сатылымы жоғары және олар туралы жақсы пікірлер кімдерге қатысты екенін де талдаймыз. Мұндай сараптама мыңдаған пікірді жинап, өңдеуге мүмкіндік береді. Әрбір сауда нүктесі бойынша жеке есеп жасауға болады.

– Нарыққа талдау жасау үшін қанша уақыт кетеді?

– Егер біздің платформаға қосылсаңыз, бұл деректер сіздің қолыңызда дайын тұрады. Бар болғаны қажетті сүзгілерді таңдап, сізге керек мәліметтерді алу керек. Тіпті бәсекелестеріңіздің стратегиясын түсіну мүмкіндігіңіз бар. Мысалы, біз жақында Майамидегі бір тұрғын үй кешеніне осындай талдау жасадық.

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

– Неге өндірістік салада жұмыс істемейсіздер? Бұл салада да зерттеу қажет бағыттар көп қой.

– Біз тек ашық дереккөздерді қолданамыз. Өкінішке қарай, бұл салада қолжетімді ақпарат аз.

– Платформа әзірлеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

– Ең басты қиындық – қаржы мен маман тапшылығы. IT өнім жасау – көп қаражат пен жоғары деңгейлі мамандарды талап ететін процесс. Жақсы бағдарламашылардың қызметі арзан емес. Бізді бір инвестор қолдады, бірақ даму жолында өзіміз де айтарлықтай қаржы құюға салдық.

– Жаңа жобаны бастағысы келіп жүрген оқырманға қандай кеңес берер едіңіздер?

– Біз үш негізгі факторды атап өтер едік.

Біріншіден, кәсіпкерлік экожүйесін терең түсіну қажет. Венчурлік бизнестің қалай жұмыс істейтінін зерттеп, оның жалдамалы қызметтен түбегейлі айырмашылығын ұғыну керек. Бұл сала тұрақты табысқа кепілдік бермейді, сондықтан саналы әрі сенімді түрде шешім қабылдау қажет.

Екіншіден, барлық ресурстарды – уақыт, қаржы, денсаулықты ескеру маңызды. Стартап – ұзақ мерзімді марафон, бірақ оны жоғары жылдамдықпен жүгіріп өтуге тура келеді. Мұнда ай сайынғы жалақы немесе тоқсан сайынғы сыйақы жоқ. Тек клиентпен сенімді байланыс орнату арқылы ғана нәтижеге жетуге болады.

Үшіншіден, сатылым жүргізу қабілеті аса маңызды. Егер стартап негізін қалаушы керемет инженер, маркетолог немесе белгілі бір саланың сарапшысы болса, бірақ сату тәжірибесі болмаса, онда бұл міндетті кәсіби маманға тапсыру қажет. Себебі сату процесінсіз бизнес алға баспайды.

Pwron.ai платформасының негізін қалаушыларға табыс тілейміз! Ал енді келесі, толықтай Қазақстанда әзірленген стартаппен танысайық.

Alaqan – алақан тамырлары арқылы биометриялық сәйкестендіру

Бұл – адамның алақанындағы вена өрнектерінің негізінде биометриялық сәйкестендіру жүйесі. Арнайы сенсор инфрақызыл сәуле арқылы алақанды сканерлеп, оның тамырлық құрылымын деректер базасына тіркейді. Осыдан кейін жүйеге кіру немесе дүкенде төлем жасау үшін тек алақаныңызды құрылғыға жақындатсаңыз жеткілікті. Кілттер, карталар мен телефондар қажет емес – жай ғана алақаныңызды сканерден өткізу жеткілікті!

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

«Иә, бұл – Қазақстанда жасалған технологиялық жоба. Қазіргі таңда алақан тамырлары арқылы биометриялық сәйкестендіру саласындағы жетекші стартаптардың бірі болып саналады. Мұндай технологияны әлемдік алпауыт компаниялар, мысалы, Amazon қолданады. Қазақстан да осы бағытта бәсекеге түсе алады.

Жүйенің барлық бағдарламалық қамтамасы – өзіміздің мамандар әзірлеген отандық өнім. Қазіргі уақытта бұл технология кофеханаларда төлем жасау, әкімшілік ғимараттар мен мектептерге кіру, сондай-ақ оқушылардың жеке заттарын шкафтарға орналастыру, асханада тамақ алу немесе төлем жүргізу үшін қолданылады. Яғни, карта немесе телефон алып жүрудің қажеті жоқ – алақаныңызды сканерге жақындатсаңыз жеткілікті.»- деп, Аслан Төлегенов стартап туралы толығырақ тарқатып берді.

– Бұл әдіс бет-әлпетті тану жүйесінен тиімдірек деп ойлайсыз ба?

– Әрине, бұл тәжірибеде дәлелденген. Біз пандемия кезінде дамуымызды бастадық. Ол уақытта адамдар маска, көзілдірік, қорғаныш қалқаны секілді жабдықтарды тағып жүрді. Осындай жағдайда бет-әлпетті тану жүйесі қателесуі мүмкін. Ал біздің технологияны сурет, грим немесе басқа айламен алдау мүмкін емес.

Екіншіден, біздің бағдарламалық жасақтамамыз толықтай жергілікті деңгейде жұмыс істейді. Барлық деректер Қазақстан аумағында, өзіміздің желілер арқылы өңделеді, яғни мәліметтер елден тысқары шықпайды. Біз толық қауіпсіздік тексерісінен өтіп, барлық қажетті сертификаттарды алдық. Бұл біздің жүйенің қорғалған әрі сенімді екенін дәлелдейді.

Ал бет-әлпетті тану жүйелерінің көпшілігі шетелдік бағдарламалар негізінде жұмыс істейді. Интернетке қосылған жағдайда, пайдаланушылардың жеке деректері шетелдік серверлер арқылы өтеді. Бүгінге дейін толығымен жергілікті деңгейде әзірленген мұндай шешімдерді көрген емеспін. Біз өзіміздің жүйенің қауіпсіздігін сенімдіміз. Сздің деректеріңіз елден тысқары шықпайды.

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

– Аталмыш жүйені басқа қандай салаларда қолданыла алады?

– Қолдану аясы өте кең. Бұл ең алдымен кәсіпорындарда жұмыс уақытын есепке алу үшін тиімді. Қазіргі кезде көбіне қызметкерлердің келіп-кетуін бақылау үшін карталар, QR-кодтар, бет-әлпетті тану жүйелері немесе геолокация қолданылады.

Ал біздің жүйеде адамның нақты қатысуын ештеңемен алмастыра алмайсыз. Қызметкер кірді – жүйе оны белгіледі, жұмыс уақыты басталды. Шыққанда да солай белгіленеді. Біз тіпті жұмыс уақытының есебін автоматты түрде жүргізетін жүйе әзірледік. Ол кез келген платформамен, соның ішінде 1С жүйесімен біріктіріліп, нақты жұмыс істеген сағаттарға негізделген жалақы қорын есептеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, біздің жүйе материалдық құндылықтарды есепке алу үшін де қолданылады. Егер қызметкер қандай да бір құрал-жабдық немесе материал алса, бұрын ол қағаз жүзінде рәсімделетін. Ал қазір барлығын алақаны арқылы растайды. Жүйе бұл деректерді тіркеп, нақты қай қызметкер қандай затты алғанын көрсететін электронды құжат жасалады. Кейін сол затты қайтарған кезде де дәл осы жүйе арқылы растап, есепке енгізуге болады.

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

Бұл – Smart-төлемдерге балама шешім. Мысалы, кофеханаға кіргенде осындай құрылғы орнатылған болса, сіз бірдеңе сатып алып, алақаныңызды сканерге жақындатасыз, сол сәтте-ақ төлем жасалып, чек түзіледі. Мұнда телефон да, банк картасы да қажет емес. Жай ғана алақаныңызды сканерге қойсаңыз болғаны – төлем автоматты түрде жүзеге асады.

Сондай-ақ әр қолыңызға әртүрлі банк картасын «бекітуге» болады. Мысалы, сол қолға – «Kaspi», оң қолға – «Halyk» картасын тіркеп, қалағаныңызбен төлем жасай аласыз.

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

Бұл жүйені емтихандарда да қолдануға болады. Кейде сынаққа студенттің орнына егізі, бауыры немесе оған ұқсайтын басқа адам кіріп, тапсыратын жағдайлар кездеседі. Ал біздің жүйе бұған мүлде жол бермейді. Өйткені ол нақты адамның тамыр өрнегін анықтап, бөтен адамды өткізбейді.

Тіпті бір жұмыртқалы егіздердің де алақандағы тамыр өрнектері бірдей болмайды. Мысалы, бет-әлпетті тану жүйесі мұндай егіздерді ажырата алмайды – олар бір-бірінің телефонын оңай аша алады, құжаттарын пайдалана алады. Ал алақандағы тамыр өрнегі арқылы тексергенде мұндай мүмкіндік мүлде болмайды. Біздің басымыздан өткен жағдай туралы бөліссек: егіз балалардың сырт келбеті айнымас ұқсас еді, тіпті тамыр өрнектерінің құрылымы да бір-біріне жақын шықты. Дегенмен, жүйе олардың айырмашылығын анықтап, бірін екіншісінің орнына өткізуге жол бермеді.

Алақандағы тамыр өрнегі арқылы биометриялық тану – болашақтың технологиясы. Бұл – ертегі емес, шындыққа айналып жатқан жаңалық. Аслан Төлегеновтің айтуынша, оның болашағы зор.

Ақылды жүйелердің түрлі салаға енгізілуі бизнестің тиімділігін арттырып, миллиондаған адамның өмірін жеңілдетеді, күрделі процестерді қарапайым етеді, жаңа мамандардың қалыптасуына ықпал етеді.

Жасанды интеллект өнеркәсіп саласын қалай өзгертуде? Қазақстандық тәжірибе

Айта кетейік, Digital Almaty 2025 форумында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект экономиканың тиімділігін арттырып, компаниялардың өнімділігін жоғарылататынын ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың табысын өсіруге ықпал етеді.