Қазақстанның атом энергиясы агенттігі елдегі алғашқы атом электр станциясына жобалық құжатта көрсетілген жеке атау берілетінін хабарлады. Ведомство қоғамдық пікір мен сарапшылардың жаңа ұсыныстарын қарауға дайын, деп жазады Kazinform тілшісі.
Алматы облысының Үлкен ауылына жақын жерде АЭС құрылысы ресми түрде 8 тамызда басталды. Жобаның жалпы инвестициясы 14–15 миллиард доллар шамасында бағаланады. АЭС-ке атау беру – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды жобаның маңызды символдық кезеңі болмақ.
Сол күні Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов «Росатом» компаниясының бас директоры Алексей Лихачёвпен кездесті. Кездесу барысында құрылыс барысы, өндірісті локализациялау, отандық жабдықтарды пайдалану және кадрлық әлеуетті тарту мәселелері қаралды.
Арнайы назар халықаралық консорциумды құруға, яғни қазақстандық және шетелдік серіктестердің қатысуымен жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ ядролық отын циклін локализациялауға аударылды. Ресей тарапынан қазақстандық жеткізушілермен ынтымақтастыққа дайын екендігі расталды.
Премьер-министр жобаның ел президентінің бақылауында екенін атап өтіп, үкіметтің алғашқы АЭС құрылысына толық қолдау көрсететінін мәлімдеді.