ChatGPT сынды жасанды интеллектіге негізделген бағдарламалармен жиі сөйлесетін адамдардың шынайы өмірдегі қарым-қатынастары сиреп, жалғыздықты жиі сезіне бастағаны анықталды. Бұл – OpenAI мен Массачусетс технологиялық институтының бірлескен зерттеулерінің қорытындысы.
OpenAI миллиондаған диалогты талдаса, Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері чат-ботпен күн сайын сөйлесетін адамдарды төрт апта бойы бақылаған. Екі зерттеу де ChatGPT-ті жиі қолдану мен жалғыздық сезімі арасындағы байланысты анық көрсетіп отыр.
Ғалымдардың айтуынша, жалғыздықты жиі бастан кешіретін адамдар өзара тілдесу орнынан жасанды интеллектті іздей бастайды. Бұл – технологиямен қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Қазіргі таңда адамдардың бір-бірімен тікелей сөйлесуден гөрі, сандық ортаға көбірек сенім артатыны байқалады. Мұндай үрдіс қоғамдағы өзара байланыстың әлсіреуіне алып келуі мүмкін.
Жасанды интеллект арқылы жұбаныш тапқан жандар бар екені рас. Алайда мұндай платформаларды жауапкершілікпен және этикалық тұрғыда дамыту – уақыт талабы. Сонымен қатар, осал топтарды қорғау мақсатымен нақты ережелер қабылдануы қажет.
ЖИ-боттардың қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптерді де бірге ала келді. Эмоциялық қолдау іздегендерге бұл құрал пайдалы болғанымен, оларға шектен тыс сенім артудың салдарын ұмытпау керек.