Ақтаудағы IT-лицейде жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллект технологиясына негізделген басқару және бақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл – Маңғыстау облысындағы алғашқы тәжірибе. Ақпаратты Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Жүйе Edus білім беру платформасымен біріктірілген. Бұл ата-аналарға баласының үлгерімі мен мектепке қатысуын бақылауға, хабарламалар алып, түрлі төлемдерді оңай төлеуге мүмкіндік береді. Енді мектеп ғимаратына кіру тек Face ID арқылы жүзеге асады. Бұл оқушылардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында қолға алынған.
Жобаны облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбайдың бастамасымен жүзеге асырып отыр. Жүйенің жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев енгізілген жаңашылдықты оң бағалап, бұл шешім білім саласын ашық әрі тиімді ететінін айтты.
Мектеп директоры Анжела Батырованың айтуынша, жүйе тек оқушының сабаққа қатысуын ғана емес, денсаулығын да бақылауға мүмкіндік береді.
«Face ID құрылғысы дене қызуын өлшейді. Егер баланың қызуы қалыптан жоғары болса, бұл туралы мектеп директоры, сынып жетекшісі және медбике бірден хабарлама алады. Бұл жағдайға жедел әрекет етуге көмектеседі», – деді ол.
IT-лицейдегі жасанды интеллектке негізделген бұл жоба – заманауи технологияның білім беру үдерісін қауіпсіз әрі ыңғайлы ете алатынының нақты дәлелі.