Алматы қаласында жақын арада қаланың толық цифрлық моделі пайда болады. Цифрлық технологиялар басқармасының хабарлауынша, жоба аясында қала инфрақұрылымы, инженерлік желілер, көлік қозғалысы, құрылыс нысандары мен табиғи-климаттық жағдайларды біріктіретін біртұтас цифрлық жүйе құрылады.
Цифрлық жүйелерді дамыту басқармасы хабарлағандай, барлық мәліметтер Қазақстан аумағындағы қауіпсіз ақпарат қоймаларында сақталады және тек мемлекеттік органдардың бақылауында болады.
Жүйені әзірлеуді Алматыны дамыту орталығы мен қазақстандық компания жүзеге асыруда. Қытайлық әріптестер тек технологиялық кеңес беру мен сараптама жүргізуде ғана қолдау көрсетеді. Басқарма өкілдері атап өткендей, шетелдік мамандар мемлекеттік ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Жобаны Қытай үкіметінің гранттық қаржылық қолдауы қамтамасыз етеді.
Цифрлық егіз қаладағы көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Автобус пен троллейбус жолдары реттеліп, қала құрылысына қатысты шешімдер оңтайландырылады. Қоршаған орта жағдайы өзгерген кезде жүйе тез әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жобаны толық іске қоспас бұрын бір ауданнан пилоттық сынақ жүргізіледі. Барлық мәліметтер тек Қазақстандағы ақпарат қоймаларында сақталып, оларға қол жеткізу құқығы тек құпиялылық туралы келісімге отырған отандық компанияларға беріледі.
Жүйе жұмысқа енгізілмес бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық қызметінен міндетті тексерістен өтеді. Шетелдік әріптестер қала деректеріне қол жеткізе алмайды және жүйені басқаруға қатыспайды.
«Деректердің қауіпсіздігі мемлекеттік талаптар мен ұлттық реттеушілер арқылы толық қамтамасыз етілген», – деп қорытындылады басқарма.
Бекзада ИШЕКЕНОВА












