Home Және басқалары Тазалық Алматыда 270 миллион долларға қоқыс өңдейтін және электр қуатын өндіретін зауыт салынады

Алматыда 270 миллион долларға қоқыс өңдейтін және электр қуатын өндіретін зауыт салынады

20

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматыда экологиялық қоқыс өңдеу зауытын салуға арналған инвестициялық келісімді екі апта ішінде дайындауды тапсырды. Бұл туралы TuranTimes.kz Үкіметтің Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба Қытайда 2024 жылғы қарашада өткен жұмыс сапары барысында жасалған келісімдер аясында жүзеге аспақ. Осы аптада Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдың Shanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы әрі президенті Лун Цзишэнмен кездесіп, зауыт құрылысының мәселесін талқылады.

Алматыда салынып жатқан зауыт тәулігіне 2 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 270 миллион АҚШ доллары. Бұл зауыт қаланың қатты тұрмыстық қалдықтарын өңдеу мәселесін толық шешіп, қайта өңдеу үлесін 2029 жылға қарай 80%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды өңдеу үлесін 38 пайызға жеткізуді тапсырды. Жыл сайын елімізде 4,5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады. Сондықтан бұл зауыт – аса қажет бастама. Қалдықтарды экологиялық жолмен кәдеге жарату мен олардан энергия өндіру – қайта өңдеу саласындағы маңызды қадам”, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Зауыт 500 жұмыс орнын ашады, оның кемінде 100-і – тұрақты жұмыс орны ретінде есептелді. Жергілікті мамандарды жұмысқа тарту – жобаның басты басымдығы.

Алматы қаласының әкімдігі мен тиісті министрліктерге инвестициялық келісімді дайындау тапсырылды. Зауыттың құрылысы биылғы маусым айында басталады деп жоспарланып отыр.