Өзбекстанға турист ретінде немесе іскерлік мақсатпен баратын қазақстандықтар жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан бұл жаңалық көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Жуырда Өзбекстанның кеден қызметі жасанды интеллект көмегімен жұмыс істей бастайды. Бұл туралы ел президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда және туристік байланыстардың артуына байланысты шекарадан өтетін жолаушылар мен көлік қозғалысы екі есе көбейеді деп күтілуде. Осыған орай кеден бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру және қосымша инфрақұрылым құру қажеттілігі туындап отыр.
«Халықаралық тасымалды жеңілдету мақсатында әуе рейстеріндегі тәжірибе негізінде автобустардағы жолаушылар туралы мәлімет алдын ала жиналады. Бұл шекарадан өтуді екі есе жылдамдатуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ірі кеден бекеттерінде жеңіл көліктер мен автобустар үшін «қызыл» және «жасыл» дәліз жүйесін сынақтан өткізу жоспарлануда.
Кедендік бақылауды жетілдіру мақсатында жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану көзделіп отыр. Дүниежүзілік банктің мамандарының қолдауымен тәуекелдерді бағалау жүйесі жаңартылады. Бұл жүйе кәсіпкерлердің сенімділігін 122 түрлі критерий бойынша сараптайды. Олардың қатарында қаржылық тұрақтылық, салық қарызы және сауда тарихы бар. Сондай-ақ, жасанды интеллект тауарлардың рентгендік суреттерін талдап, автоматты түрде күмәнді жүк түрлерін анықтайды.
Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдап, кеден саласында қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үдерісі аясында кеден заңнамасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру тапсырылды.