Жер бетіндегі тіршілік иелері сыртқы ортаның әсеріне тәуелді. Су тапшылығы, температураның күрт өзгеруі немесе азықтың жетіспеушілігі – кез келген жануарға қауіп төндіреді. Әсіресе, сүтқоректілер үшін экстремалды суық пен ыстыққа бейімделу қиын. Алайда табиғатта қоршаған ортаға төзімділігімен ерекшеленетін тіршілік иелері бар.
Микроскопиялық тихоходкалар – солардың бірі. Бұл ұсақ ағзалар радиацияның аса жоғары деңгейіне, вакуумға және экстремалды жағдайларға төтеп бере алады. Ғалымдар олардың ерекше төзімділігінің сырын зерттеп, медицина мен ғарыш саласында пайдалануға болатынын анықтады. Гарвард медицина мектебі мен Айова университетінің зерттеушілері тихоходкалардан бөлінетін ерекше Dsup ақуызы адам жасушаларын радиациядан қорғауға көмектесе алатынын дәлелдеді.
Радиациялық терапия – қатерлі ісікпен күрестің тиімді әдісі, бірақ ол сау жасушаларға да зиянын тигізеді. Сәулелену ДНҚ құрылымын бұзып, қабыну, ауыру, иммунитеттің әлсіреуі секілді жанама әсерлер тудырады. Осыған байланысты ғалымдар дененің сау жасушаларын қорғаудың жаңа жолдарын іздеуде.
Тихоходкаларда кездесетін Dsup ақуызы ДНҚ-ны зақымданудан қорғайды. Ғалымдар 2016 жылы бұл ақуыздың адам жасушаларындағы мутацияларды 40%-ға азайтатынын анықтаған. Алайда оны тікелей жасушаға енгізу оңай емес. Сондықтан зерттеушілер ақуызды уақытша өндіретін мРНҚ технологиясын қолдануды ұсынды. Бұл әдіс адам геномын өзгертпейді, яғни қауіпсіз әрі тиімді.
Олар мРНҚ-ны жасушаларға тасымалдау үшін арнайы полимер мен липидтен жасалған нанобөлшектерді ойлап тапты. Бұл технология радиациялық терапия кезінде сау жасушаларды қорғап қана қоймай, химиотерапияның жанама әсерлерін азайтуға және онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектесуі мүмкін.
Зерттеушілердің пікірінше, Dsup технологиясы тек медицинада ғана емес, ғарышты игеруде де үлкен рөл атқара алады. Космонавтар Жердің магниттік өрісінен тыс кеңістікте жүріп, қауіпті деңгейдегі радиацияға ұшырайды. Бұл ұзақмерзімді ғарыш сапарларында денсаулыққа үлкен қатер төндіреді.
Марсқа сапардың басты қиындықтарының бірі – ғарышкерлердің екі жыл бойы жоғары радиацияға ұшырауы. Егер Dsup ақуызы бар жасуша қорғанысы ойдағыдай іске асса, болашақ ғарышкерлердің денсаулығын сақтау мүмкіндігі артады.
Ғалымдар бұл технологияны әлі де зерттеп, жетілдіру үстінде. Егер тәжірибелер сәтті өтсе, адамзат тарихында алғаш рет генетикалық қорғанысқа ие адам пайда болуы мүмкін. Бұл жаңалық қатерлі ісікпен күресте серпіліс жасап қана қоймай, болашақта Жерден тыс кеңістікті игеруге де жаңа мүмкіндік ашады.