Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар Илон Масктың компаниясы ChatGPT үстемдігіне қарсы сотқа жүгінді

Илон Масктың компаниясы ChatGPT үстемдігіне қарсы сотқа жүгінді

6

Илон Маск негізін қалаған xAI компаниясы АҚШ-тың федералды сотына Apple мен OpenAI-ға қарсы талап-арыз түсірді. Стартаптың мәлімдеуінше, екі алып технологиялық корпорация жасанды интеллект нарығындағы бәсекені әдейі шектеп, жаңа өнімдердің дамуына кедергі келтіріп отыр.

xAI құжаттарында Apple өз дүкеніндегі қосымшалардың рейтингін әдейі төмендетеді деп айыпталуда. Оған әлеуметтік желі X пен Масктің жасаған чат-боты Grok та іліккен. Компанияның пікірінше, бұл әрекеттер Apple мен OpenAI арасындағы келісіммен байланысты. Себебі қазір ChatGPT технологиясы iPhone, iPad және Mac құрылғыларына кіріктірілген.

Маск мұндай қадамдар тұтынушыларға балама жасанды интеллект шешімдерін пайдалануға мүмкіндік бермей отырғанын алға тартады. Бұған дейін ол Apple саясатын ашық сынға алып, компания ChatGPT-ден өзге ЖИ өнімдерінің жолын бөгеп отыр деп мәлімдеген еді.

Әзірге Apple де, OpenAI да ресми түсініктеме берген жоқ. Саладағы сарапшылардың айтуынша, екі компания да талап-арыз материалдарын қарап шығып, құқықтық стратегия дайындап жатқан болуы мүмкін. Apple дәстүрлі түрде сот ісіне қатысты көпшілік алдында пікір білдіруден бас тартады, ал OpenAI өкілдері серіктестік пен лицензиялау мәселелері тек құқықтық алаңда қаралатынын айтып келеді. Бұл даудың ұзаққа созылуы ғажап емес.

Айта кетейік, Масктың xAI компаниясы екі жыл бұрын ғана құрылған. Стартап өзінің жасанды интеллект үлгілерін жасап, OpenAI-мен ғана емес, қытайлық DeepSeek компаниясымен де бәсекелесіп жүр. Бұған қоса Маск бұған дейін де OpenAI-дың бағытын сынап, оның бастапқыда жариялаған «пайдасыз ғылыми миссиясынан» алшақтап кеткенін айтып сотқа жүгінген болатын.