Home Электроника Ақылды құрылғылар Ғалымдар денені салқындатып, адамның қозғалысын бақылай алатын мата әзірледі

Ғалымдар денені салқындатып, адамның қозғалысын бақылай алатын мата әзірледі

10

Иллинойс университетінің Грейнджер инженерлік колледжінің зерттеушілері екі ерекше қасиеті бар нанокомпозиттік тоқыма материалын әзірледі. Біріншіден, ол күн сәулесін шағылыстырып, денеден бөлінетін жылуды сыртқа шығарады. Екіншіден, материал трибоэлектрлік заряд өндіреді. Оны қуаты аз болғанымен, іс жүзінде пайдалануға болатын энергия көзі ретінде қолдануға болады. Бұған қоса, осы ерекше материалдан киімді 3D басып шығару әдісімен жасауға мүмкіндік бар.

Қазіргі кезде 3D басып шығару технологиясының көптеген түрі бар. Оның көмегімен матаға ұқсас материал жасау қиын емес, алайда бұл үшін шикізатты дұрыс таңдау қажет. Зерттеушілер әзірлеген материалдың негізін цирконий диоксиді (ZrO₂) құрайды. Оның жарық сындыру көрсеткіші жоғары болғандықтан, материал өзіне түскен күн сәулесінің 96 пайызын шағылыстырады. Сонымен қатар ол орта инфрақызыл диапазонда жылуды сәулелендіру қабілетімен ерекшеленеді. Бұл көрсеткіш 97 пайызға дейін жетеді. Сондықтан бұл материал денеден бөлінетін жылуды сыртқа тиімді таратады. Одан тігілген киім адамның дене температурасын қоршаған ауаның температурасынан 3–6 °C төмен ұстауға мүмкіндік береді. Ал бұл үшін қосымша энергия көзі қажет емес.

Ғалымдар денені салқындатып, адамның қозғалысын бақылай алатын мата әзірледі

Материал механикалық әсерге ұшырағанда да электр энергиясын өндіреді. Бұл кезде қуат тығыздығы шамамен 47 мВт/м² болатын электр импульсі пайда болады. Зерттеушілер материалдың осы қасиетін адамның қимыл-қозғалысын бақылау үшін қолдануға болатынын айтады.Мысалы, осы материалдан тігілген киім адамның ұйқы кезінде қаншалықты жиі қозғалып, аунағанын анықтауға мүмкіндік береді.Зерттеушілер материалды тағы бір тәжірибеде сынап көрді. Оны жеке қуат көзі, қыздыру элементтері мен басқару жүйесі бар киілетін жылытқышқа қолданды. Құрылғы адам қозғалғанда автоматты түрде қосылып, қозғалысы тоқтаған кезде сөнген.

Дереккөз:University of Illinois, Urbana-Champaign.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.