Home Технологиялар Ғаламтор және желі Әлеуметтік желілерде миллион тегін пәтер берілетіні туралы жалған ақпарат таралды

Әлеуметтік желілерде миллион тегін пәтер берілетіні туралы жалған ақпарат таралды

12

Дезинформацияға қарсы күрес орталығы жоғары лауазымды тұлғалардың шынайы сөйлеген сөздері түсірілген бейнежазбаларды пайдаланып, жалған мәлімдемелерді ресми ақпарат ретінде көрсету тәсілі қайта қолданылғанын хабарлады.

Орталықтың мәліметінше, бұл жолы да бұған дейін бірнеше рет қолданылған әдіс пайдаланылған. Шынайы бейнекадрлар мен көпшілікке таныс дауыстар негізінде іс жүзінде айтылмаған ақпарат таратылған. Соның салдарынан жұрт арасында бұл мәліметті мемлекеттік органдар немесе елдің жоғары лауазымды тұлғалары тікелей жариялаған деген жаңсақ түсінік қалыптасады.

Мұндай жалған ақпарат, әдетте, қоғам назарындағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар қарсаңында немесе сол кезеңде тарайды. Олардың қатарында референдумдар мен сайлау науқандары, Үкімет құрамын қалыптастыру үдерісі, мемлекеттік және атаулы күндер, сондай-ақ қоғамның қызығушылығын тудыратын өзге де маңызды оқиғалар бар.

Дезинформациямен күрес орталығы бұған дейін де осындай әрекеттердің бірнеше рет тіркелгенін атап өтті. Референдум, сайлау науқандары және басқа да маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар кезінде осыған ұқсас жалған ақпарат тараған. Бұл ретте ақпараттың мазмұны мен оны таратуға себеп болған оқиға өзгергенімен, жалған мәлімет әзірлеу тәсілі көп жағдайда қайталанады.

Орталық азаматтарға осындай хабарламаларға тап болған жағдайда, ең алдымен онда айтылған мәлімдеменің шынымен жасалғанын тексеруге кеңес берді. Ол үшін әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаның қысқартылған үзіндісіне емес, тұлғаның сөз сөйлеген сәтін толық қамтитын түпнұсқа бейнематериалға және ресми дереккөздерге жүгінген жөн.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.