Home Робот пен дрондар,ЖИ Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

8

Қытайдың Пекин қаласында робототехника саласына арналған ең ауқымды шара — World Robot Conference 2023 көрмесі өтті. Бұған дейін төрт күнмен шектелетін көрме биыл бір апта бойы жалғасты. Жалпы көлемі 45 мың шаршы метрге жететін көрме алаңы — жеті футбол алаңына тең. Шараға 160-тан астам компания мен жүздеген сала мамандары қатысты.

Көрмеде түрлі бағыттағы 600-ге жуық робот таныстырылды. Олардың қатарында ойыншық-роботтар, хирургиялық роботтар, өндірістік автоматтар мен ауыл шаруашылығына арналған құрылғылар бар. Алайда ең көп назар аудартқаны — адам бейнесіндегі бионикалық роботтар болды.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Кіреберісте көрме қонақтарын Қытайдың танымал ақын-жазушыларының түр-тұлғасын айнытпай қайталаған роботтар қарсы алды. Олар өз туындыларынан үзінділер оқып, мимикасы мен бет қимылын өзгертіп, тіпті би де биледі. Айта кетейік, осы роботтардың қимылдарын шынайы етуге арналған түйінді бөлшектер бүгінде протез жасау ісінде кеңінен қолданылып жүр.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Көрмеде жұрттың қызығушылығын тудырған тағы бір жаңалық — робот-бармен. Ол – компания қызметкерінің түрі мен қимылын айнытпай қайталаған көшірмесі. Қазірдің өзінде мұндай роботтың бірі Қытайдағы барлардың бірінде қызмет көрсетіп жүр. Сарапшылар болашақта дәл осындай “робот-егіздерді” тапсырыспен жасау әбден мүмкін деп отыр.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

«Мысалы, мен — оқытушымын және бір уақытта бірнеше аудиторияда дәріс оқығым келеді. Ол үшін әр аудиторияға менің робот-егізімді қойсам жеткілікті. Студенттер мені көріп, дәрісті тыңдай алады», — дейді EX ROBOT компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Ли Боян.

Мамандардың айтуынша, роботтар — адамзат болашағының ажырамас бөлігі. Қазірдің өзінде оларды көру, есту, иіс сезу мен жанасу мүмкіндіктерімен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, роботтар шынайы сезім мүшелері бар тіршілік иесіне барынша жақындай түспек.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Айта кетсек, соңғы он жыл ішінде Қытай робот сату бойынша әлемде көш бастап тұр. Елдің Индустрия және ақпараттандыру вице-министрі Синь Гобиннің мәліметінше, сатылған роботтардың жартысынан көбі өндірістік мақсатқа арналған. Бүгінде Қытайда әр 10 мың жұмысшыға 3921 өнеркәсіптік роботтан келеді.

Робот-иттерімен танылған Unitree Robotics компаниясы бұл жолы қос аяқпен жүретін адам бейнелі роботын таныстырды. Ол салмақты әрекеттерді орындай алады, жылдамдығы — секундына 1,5 метрге жетеді, тіпті жүгіре де алады. Салмағы – 50 келі, бойы -180 см. Компания өкілдерінің бірі роботты әдейі құлатуға тырысқан сәтте, көрмеге келген жұрттың кейбірі “енді бұл қарсы шабуыл жасамай ма?” деп қалжыңдады. Сарапшылар мұндай интеллектуалды құрылғыларды өндірісте де, қызмет көрсету саласында да кеңінен қолдануға болатынын айтады.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Unitree бұған қоса робот-иттерін қайта көрсетті. Олар би билеп, секіріп, сальто жасап, көрермендерді тәнті етті. Әуесқойларға арналған үлгілерден бөлек, арнайы тапсырмаларды орындай алатын кәсіби модельдер де бар. Олар адам үшін қауіпті жерлерде жүруге, 80 келіге дейінгі жүкті тасуға, іздеу-құтқару және мониторинг жұмыстарына араласуға қабілетті.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Ал ең қолжетімді моделі — GO 2 — 9997 юань тұрады. Бұл шамамен 630 мың теңге, яғни орташа смартфонның бағасымен пара-пар.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Көрмеде әртүрлі компаниялардың робот-иттері көптеп таныстырылды. Олардың арасында балаларға арналған шағын ойыншықтар да, өндірістік мақсатта қолдануға арналған ірі нұсқалар да болды.

Сондай-ақ, робот-бариста да көпшіліктің назарын аударды. Мұндай құрылғы түрлі шараларда үйреншікті көрініске айналып үлгерген. Ол хош иісті кофе дайындап қана қоймай, адаммен сөйлесуге де машықталған.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Көрмеде тамақ пен сусын жеткізетін роботтар, сондай-ақ бассейн тазалайтын құрылғылардың заманауи үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара барысында өндірістік бағыттағы роботтарға ерекше көңіл бөлінді. Қытай Халық Республикасының Өнеркәсіп және ақпараттандыру жөніндегі вице-министрі Синь Гобиннің мәліметінше, өткен жылы осындай техникадан түскен табыс 125 миллион доллардан асып, өндіріс көлемі 20 пайызға артқан. Ал қызмет көрсету саласына арналған роботтардың жылдық шығарылымы 6,5 миллион данаға жеткен.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Ubitech компаниясы тұрмыста, көрмеде немесе қарт адамдарға күтім көрсетуде қолдануға болатын ақылды көмекші роботтарын көрсетті.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Көпшілік қызығушылық танытқан техникалардың бірі — қабырға тегістейтін құрылыс роботы. Ол бір сағат ішінде 50 шаршы метр аумақты өңдей алады. Құрылғы есік пен терезенің орнын өзі анықтап, әрбір қимылды нақты орындайды.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Ал құрылысқа арналған өндірістік 3D-принтерлер бірден назар аудартты. Мұндай принтерлер құрылыс алаңында тікелей қабырға, сәндік элементтер мен жиһаз жасап шығара алады. Оны іске қосуға небәрі екі сағат жеткілікті.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Медицинада қолданылатын робототехника да қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде Қытайдың ондаған ауруханасында күрделі операцияларды, атап айтқанда кеуде қуысы, жамбас және іш құрылысына қатысты оталарды роботтар жасай алады. 5G байланысының арқасында хирург ота жасап жатқан науқастан мыңдаған шақырым алыста отырып-ақ жұмыс істей алады. Мәселен, өткен жылы осындай технологияның көмегімен дәрігер өзінен 5 мың шақырым қашықта жатқан науқасқа сәтті ота жасаған.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Тағы бір қызықты жаңалық – массаж жасайтын робот. Мұндай құрылғы массаж салондарында сәтті қолданылып жатыр. Адамнан айырмашылығы – ол үзіліссіз жұмыс істей алады және кәсіби массаж тәсілдерін толық меңгерген.

Қара жұмысқа түсетін салмақты азайту үшін ұсынылған құрылғы – экзоскелет. Бұл технология өндіріс орындарында жарақаттың алдын алуға көмектеседі.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Көрмеде жұрт назарын аудартқан саланың бірі — ауыл шаруашылығына арналған роботтар. Бірнеше компания өз агророботтарын таныстырды. Бұл құрылғылар піскен жемістерді әлі толық піспегендерінен ажыратып, нақты анықтай алады. Қазірше адамға қарағанда баяу қимылдағанымен, тәулік бойы тоқтамай жұмыс істеуге қабілетті.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

Өндіріс саласында да роботтар белсенді қолданыла бастады. Көрмеде көпшіліктің көзіне түскені – нүктелі дәнекерлеумен айналысатын робот. Мұндай құрылғылардың жүзден астамы Қытай автозауыттарында тұрақты жұмыс істеп тұр.

Қытай мамандары роботтар алдағы уақытта экономиканың барлық саласына енеді деп сенеді. Уақыт өткен сайын олардың қолданылу ауқымы да кеңейе түседі.

Қытайда өткен роботтар көрмесінде болашақ технологиялар таныстырылды

EX ROBOT компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Ли Боянның айтуынша, жұрт роботтардан сескенбей, олармен қатар өмір сүруге дағдылануы керек. Оның пайымынша, келешекте ақылды құрылғылар қариялар мен балаларға жәрдем беріп, медицинада да, тұрмыста да сенімді серікке айналады. Сондықтан мұндай көрмелерге деген қызығушылық жыл өткен сайын арта түспек.

Бәлкім, көп ұзамай Қазақстанда да өз роботтарын жасап, жаһандық нарықта бәсекеге түсе алатын мамандар шыға бастар.