Қытайда шетел азаматтарының қолма-қол ақшасыз төлем жасауына байланысты туындайтын қиындықтарды шешуге бағытталған Nihao China атты жаңа мобильді қосымша қолданысқа енгізілді. Бұл сервис туристерге банк картасын тікелей жүйеге тіркеп, ірі қытай платформалары — WeChat пен Alipay арқылы QR-код көмегімен төлем жасауға мүмкіндік береді.
Қосымшаның басты ерекшелігі — төлемнің делдалсыз, банк картасының балансынан бірден алынуы. Карта юань валютасында ашылмаған болса, қаражат автоматты түрде банк белгілеген айырбас бағамы бойынша конвертацияланады. Осылайша, пайдаланушылар үшін валюталық айырбасқа қатысты қосымша әрекеттердің қажеті болмайды.
Nihao China тек дүкендердегі төлеммен шектелмей, қоғамдық көлікте жолақы төлеу, сондай-ақ такси шақыру қызметтерін де қамтиды. Жүйеге тіркелу үшін банк картасына байланған ұялы телефон нөмірі жеткілікті.
Қазіргі уақытта қосымшаның интерфейсі қытай және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Дегенмен, әзірлеушілер орыс тіліндегі нұсқасын әзірлеу жұмыстарын бастап кеткен. Nihao China қосымшасын Apple Store мен Google Play платформаларынан жүктеп алуға болады.












