Home ғаламтор Yandex Qazaqstan: қоғамға арналған технологиялар орталығы қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда?

Yandex Qazaqstan: қоғамға арналған технологиялар орталығы қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда?

27

2024 жылдың соңында Yandex Qazaqstan елімізде Қоғамға арналған технологиялар орталығын іске қосатынын жариялады. Бұл бастама ғылыми зерттеулерден бастап, экологиялық жобаларға дейінгі маңызды салаларды қамтиды. Орталықтың басты мақсаты – технологияны әлеуметтік мәселелерді шешуге бейімдеу.

Yandex Cloud-тың ТМД бойынша ұлттық және стратегиялық жобалар директоры Анна Лемякина Mobilaser редакциясына берген сұхбатында орталықтың жұмыс принциптері, іске асқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайлы айтып берді.

Анна Лемякинаның айтуынша, орталық төрт негізгі бағытта жұмыс істейді: ғылым және білім, денсаулық сақтау, экология және мәдениет. Қазірдің өзінде жүзеге асқан жобалардың бірі – қар барыстарын анықтайтын нейрожелі, ол қазақстандық ғалымдарға бұл сирек кездесетін жануарлардың популяциясын зерттеуге көмектесуде.

Yandex Qazaqstan: қоғамға арналған технологиялар орталығы қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда?

«Бұл жоба біз үшін айрықша маңызға ие. Біріншіден, қар барысы – елдің мәдени және табиғи мұрасы. Екіншіден, бұл ғылыми негізі мықты, технологиялық тұрғыдан күрделі бастама», – дейді Анна Лемякина, Yandex Cloud-тың ТМД елдеріндегі ұлттық және стратегиялық жобалар жөніндегі директоры.

Жасанды интеллект жануарларды тану алгоритмдерін қолдана отырып, қар барысын басқа аңдардан ажыратып қана қоймай, әр дараны жеке анықтауға мүмкіндік береді. Бұл зерттеушілерге жануарлардың нақты санын, олардың мекендейтін аумағын және популяция тығыздығын дәл анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде, барыстарды сақтау бойынша тиімді шаралар қабылдау мүмкіндігі артады.

Yandex Qazaqstan жасанды интеллект мүмкіндіктерін қоғам мен қоршаған орта игілігіне тиімді пайдаланудың түрлі жолдарын ұсынып келеді. Мұндай жобаларға отандық ғалымдар, сарапшылар мен университет студенттері тартылып, олар нақты тәжірибе жинақтауда. Мысалы, қар барысын бақылауға арналған нейрожелі жасауға Қазақстан-Британ техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің студенттері қатысты. Олар Yandex Cloud сарапшыларынан менторлық қолдау алып, компанияның бірегей технологиялық шешімдерімен жұмыс істеу тәжірибесін меңгерді. Сонымен қатар, нейрожелімен жұмыс істеп, болашақ кәсіби дамуына қажетті маңызды ұсыныстар алды.

Қазір бұл технологияны Қазақстан Республикасы Зоология институтының Қар барысын бақылау орталығы күнделікті зерттеу жұмыстарында белсенді пайдаланып келеді. Бұл – ғылым, технология және экологияның үйлесім тауып, табиғатты қорғауға қызмет етуінің жарқын мысалы.

Yandex Qazaqstan: қоғамға арналған технологиялар орталығы қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда?

– Анна, сіз Digital Almaty 2025 форумындағы «Өмір үшін ЖИ: медицина мен биотехнологиядағы жаңа мүмкіндіктер» атты пікірталасқа қатыстыңыз. Сіздің тәжірибеңізге сүйене отырып, жасанды интеллект денсаулық сақтау саласында қандай бағыттарда ең үлкен әсер береді?

– Жасанды интеллект медицинадағы жаңа көмекшіге айналуда. Қоғамға арналған технологиялар орталығы ғалымдар, дәрігерлер және зерттеушілермен бірлесе отырып, Қазақстан мен өзге елдерде маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Мамандардың білімі мен технологиялық сараптаманы ұштастыра отырып, орталық денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Соңғы жылдары медицина, ғылыми зерттеу және технология саласындағы мамандардың ортақ қауымдастығы қалыптасты. Бұл өз кезегінде диагностиканы жеңілдету, дәрігерлердің жүктемесін азайту және науқастарға уақытты көбірек бөлу сынды маңызды мәселелерді шешуге жол ашты.

Мәселен, ЖИ көмегімен дәрігерлердің шешім қабылдауын қолдайтын жүйелер жасалды. Бұл технология диагноз қоюға жәрдемдесетін ЖИ-ассистенттер арқылы жүзеге асады. Айталық, науқас терапевтке жазылғанда, Yandex SpeechKit технологиясы негізінде жұмыс істейтін ЖИ алғашқы мәліметтерді жинап, дәрігерге өңделген ақпарат ретінде ұсынады. Бұл дәрігердің қағазбастылықтан арылып, науқасқа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, өткен жылы НМИЦ Кулакова және «Спина Бифида» қорымен бірлесіп, медицинада алғаш рет spina bifida (туа біткен сирек кездесетін омыртқа патологиясы) ауруын жүктіліктің ерте кезеңінде анықтау бойынша жоба іске асырылды. Мұндай сирек патологияларды анықтау үшін дәрігерге қосымша көмек қажет, себебі ол өз тәжірибесінде мұндай жағдаймен сирек ұшырасуы мүмкін. Диагностиканы қолдайтын қосымша ЖИ жүйелері осы тұрғыда ерекше құнды, өйткені олар дәрігерлердің диагноз қою дәлдігін арттырып, науқастардың өмірін сақтауға көмектеседі.

Yandex Qazaqstan: қоғамға арналған технологиялар орталығы қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда?

Біз жасаған шешімдер ашық көздерде (open source) қолжетімді, сондықтан басқа командалар бұл әзірлемелерді өз жобаларында қолдана алады.

-Жасанды интеллект экология саласында да кеңінен қолданылады ма?

-Иә, экологиялық зерттеулерде ЖИ-дің мүмкіндіктері мол. Біз өсімдік және жануарлар әлемін (фито- және зоопланктон), ауа сапасын және табиғи экожүйелерді бақылау бағытында жұмыс істейміз. Сондай-ақ, біз бірқатар көміртекті полигондардың технологиялық серіктесіміз.

Мысалы, былтыр жанартау атқылаған кезде күлдің қозғалысын бақылауға арналған ЖИ жүйесі жасалды. Бұл технология өнеркәсіптік экологияда, атап айтқанда зауыттар мен фабрикалардың ауаға бөлетін қалдықтарын бақылауға қолданылуы мүмкін. Қазір біз ауа сапасын жақсартуға арналған жаңа жоба әзірлеу мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз.

Yandex Qazaqstan: қоғамға арналған технологиялар орталығы қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда?

-ЖИ жобаларын жүзеге асыруда қандай қиындықтар кездеседі?

-Бірінші мәселе – индустриялық сарапшылар мен ғалымдармен бір тілде сөйлесу қажеттілігі. Біз биологтармен, химиктермен және медицина саласының мамандарымен жұмыс істегенде, ғылыми мәселені технологиялық шешімге айналдыру және оны қайтадан ғылыми тұрғыда қолдануға бейімдеу уақыт алады. Бірақ бізге осындай күрделі міндеттерді шешу ұнайды, өйткені олардың нақты пайдасы айқын көрінеді.

Тағы бір маңызды мәселе – мәліметтердің жеткіліктілігі мен сапасы. ЖИ жүйесін тиімді дамыту үшін мол әрі өзекті деректер қажет. Алайда, көптеген салаларда мұндай мәліметтер жеткіліксіз, бұл жобаларды жүзеге асыруды қиындатады.

-Жоба жүзеге асу үшін қанша уақыт қажет?

-Әр жоба өзінің күрделілігі мен бастапқы деректерінің қолжетімділігіне байланысты түрлі уақыт алады. Біз фундаменталды ғылымға негізделген және қолданбалы зерттеулермен айналысатындықтан, жобалардың жылдарға созылмауы маңызды. Әдетте, 4-9 ай ішінде алғашқы нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз.

Айта кетейік, Қоғамға арналған технологиялар орталығы ынтымақтастыққа ашық және жаңа жобаларға өтінім қабылдайды. Толық ақпарат Yandex Cloud сайтында қолжетімді: https://yandex.cloud/ru-kz/social-tech.

Инна ЧИКУРОВА