Жыл сайын өтетін AmericaFest конференциясында Дональд Трамп АҚШ нарығында TikTok-ты уақытша сақтап қалу мүмкіндігі туралы сөз қозғады. Бұл шешім Трамп президент қызметіне кіріспей тұрып қабылдануы тиіс.
Трамп өз сөзінде: «Біз TikTok желісінде миллиардтаған қаралым жинадық. Осы нәтижелерді ескере отырып, бұл платформаны біраз уақытқа қалдыруымыз қажет деп шештім», — деді.
Айта кетейік, AmericaFest – жастармен кездесулер ұйымдастыратын жыл сайынғы іс-шара. Бұған дейін TikTok АҚШ Жоғарғы сотынан платформаны бұғаттау туралы заңды тоқтатуын сұраған еді.
Қараша айында Трамп TikTok-тағы жас сайлаушылар арасында жинаған жетістіктерін атап өткен болатын. Ол TikTok туралы «Бұл желі менің жүрегімде арнайы орын алады» деп, пікірін білдірген. 2024 жылдың маусымында TikTok-қа тіркелген Трамп 14,7 миллион жазылушы жинады. The Washington Post басылымының хабарлауынша, Трамптың бұрынғы кеңесшісі оның TikTok- желісінің 2024 жылғы сайлауға әсерін маңызды деп бағалағанын айтқан.
Axios сайтының мәліметінше, Трамптың аталмыш желіні сақтап қалуға қалай атсалысатыны белгісіз, себебі ол президенттік қызметке тек 2025 жылдың 20 қаңтарында кіріспек.
Естеріңізге сала кетсек, АҚШ Конгресі 2023 жылы TikTok-ты ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін платформа деп танып, оны бұғаттау туралы заң қабылдаған болатын. TikTok тыйым салуды тоқтату үшін АҚШ Жоғарғы сотына шағымданды. Қорытынды шешім 2025 жылдың 19 қаңтарында қабылданады, яғни Трамптың президент болуына бір күн қалғанда.
2020 жылы Дональд Трамп ByteDance компаниясын TikTok-ты АҚШ-тағы иелеріне сатуға қысым жасауға тырысқан еді. Осыдан кейін TikTok АҚШ пайдаланушыларының деректерін америкалық серверлерге көшіру үшін Project Texas жобасына 1,5 миллиард доллар жұмсады.