Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты дамытуға бағытталған Вашингтон үлгісін халықаралық деңгейде қолдану жөніндегі бастаманы қолдайтынын білдірді.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп пен елдің жетекші технологиялық компанияларының басшылары жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған ерікті келісімге қол қойған, деп хабарлайды LS.
«Бұл аса маңызды әрі дер кезінде көтерілген бастаманы құптаймын. Вашингтон үлгісі Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен жасалатын халықаралық келісімнің негізіне айналуы мүмкін деп есептеймін. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты түрде дамыту қағидатын ұстанады. Осыған байланысты аталған мәселелер бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге қолайлы алаң ұсынуға дайынбыз. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесіміз өз жұмысының практикалық маңызын әлдеқашан дәлелдеді. Сондықтан кеңес мүшелерінен Қазақстанның осы бағыттағы халықаралық бастамасына қатысты нақты ұсыныстарды қысқа мерзім ішінде әзірлеуді сұраймын. Ортақ ұстанымымыз осы жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл үлгі жасанды интеллектіге қатысты қауіптердің ұлттық шекаралармен шектелмейтінін және оларды еңсеру үшін мемлекеттер мен бизнес өкілдерінің үйлесімді әрі бірлескен іс-қимылы қажет екенін көрсетеді.
«Вашингтонда қол қойылған келісімді мүдделі мемлекеттердің барлығы жасанды интеллект саласында жаһандық деңгейде енгізуге болатын үлгі ретінде қарастыра алады», – деп түйіндеді Президент.
Вашингтон үлгісі – жасанды интеллектінің қауіпсіздігіне қатысты ерікті келісім. Оған 29 қыркүйекте Дональд Трамп пен АҚШ-тағы алты ірі технологиялық компанияның басшылары қол қойған. Құжат компаниялардың ішкі бақылау жүйесін қалыптастыруы мен тәуелсіз аудит жүргізуін көздейді. Алайда келісім талаптары компанияларға заң тұрғысынан міндет жүктемейді.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












