Home Технологиялар Ғаламтор және желі Илон Маск TikTok желісін сатып алудан бас тартты

Илон Маск TikTok желісін сатып алудан бас тартты

38

Илон Маск қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok әлеуметтік желісін сатып алу жоспары жоқ екенін мәлімдеді. Ол бизнесін нөлден бастауға дағдыланғанын айтып, Twitter-ді сатып алуы тек ерекше жағдай болғанын атап өтті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлайды.

“Менде TikTok-қа қатысты ешқандай жоспар жоқ. Бұл қосымшаны қолданбаймын да,” – деп атап өтті Маск.

Bloomberg-тің дерегінше, Қытай билігі TikTok-тың ByteDance-ке тиесілі болғанын қалайды. Алайда АҚШ-та бұл платформаның жұмысына тыйым салу қаупі туғандықтан, оны Маскқа сату мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Миллиардер бұрынғы президент Дональд Трампқа жақын тұлға ретінде белгілі.

Қаңтардың соңында Трамп АҚШ-та TikTok-қа тыйым салатын заңның күшіне енуін 75 күнге шегерген еді. Ол желінің жұмысын жалғастыруы үшін оның 50% акциясы америкалық биліктің қолына өтуі керек деген шарт қойған.

Трамп бұл әлеуметтік желіні сатып алуға Илон Маск қызығушылық танытуы мүмкін екенін және Microsoft корпорациясы да мәмілеге қатысуы ықтимал екенін айтқан.

Республикашыл саясаткер президенттік мерзімінде қытайлық компания иелік етіп отырған TikTok-ты АҚШ аумағында бұғаттауға тырысқан болатын.

“АҚШ TikTok иелеріне қарсы батыл шаралар қабылдауы тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет,” – делінген оның жарлығында.

Алайда сот Трамптың мұндай шешім қабылдауға құқығы жоқ деп тауып, тыйымның күшін жойған еді.