Жасанды интеллектімен жұмыс істеу мәдениеті OpenAI компаниясына күтпеген шығын алып келуде. Пайдаланушылардың чат-ботпен сөйлескенде «өтінемін» мен «рақмет» деп сыпайылық танытуы жүйеге артық жүктеме түсіріп, компанияға миллиондаған долларға түсуі мүмкін. Бұл – ІТ саласындағы жетекші сарапшылар талқылап жатқан жаңа құбылыс.
Қолданушылар тарапынан жазылған әрбір «өтінемін» мен «рақмет» тілдік бірліктері жүйе үшін жай ғана сыпайылық емес — нақты өңделуі тиіс ақпарат саналады. Яғни, бұл тіркестер де жүйеге қосымша салмақ түсіреді.
Мұндай сөздер токен деп аталатын бірліктер түрінде қабылданып, олардың әрқайсысын өңдеу белгілі бір мөлшерде электр қуатын және қаржылық шығынды қажет етеді. Уақыт өте келе мұндай ұсақ-түйек бір үлкен жүктемеге айналып, компанияның шығынын арттыра түседі.
Журналистер OpenAI бас директоры Сэм Альтманнан мұндай сыпайылық қаншалықты шығын келтіретінін сұрағанда, ол нақты соманы атамаса да, «он миллиондаған доллар» екенін айтқан. Бұл жауап көпшілікті таң қалдырды.
Мысалы, GPT-3.5 Turbo моделінің 1000 кіріс токені үшін шамамен $0,0015, ал шығыс токен үшін $0,002 төленеді. Әрбір «өтінемін» мен «рақмет» 2-4 токенге тең, ал бұл орта есеппен жүйенің бір күндік жұмысын $400-ге, жылдық шығынын $146 мыңға ұлғайтады. Бұл – Альтман айтқан сандардан әлдеқайда аз.
Дегенмен, OpenAI-дың жалпы энергия тұтынуына байланысты ресми деректерде компания жылына $140 миллионға дейін электр қуатына қаржы жұмсайтыны көрсетілген. Бұл – бүкіл жүйенің жұмысы үшін төленетін сома. Сондықтан да Альтманның сөзі шындыққа жанасуы мүмкін — мүмкін ол жүйе ішіндегі басқа да шығындарды меңзеген болар.
Цифрлық дәуірде бір ауыз жылы сөз де есепке алынады. Сыпайылық – адамгершіліктің белгісі ғана емес, енді шығын көзіне айналды.
Мақала “New York Post” басылым дерегіне сүйеніп жазылған.