Home Және басқа ақпараттар Балаларға арналған Steppe Games – қазақ тілін меңгертудің заманауи әрі тиімді жолы

Steppe Games – қазақ тілін меңгертудің заманауи әрі тиімді жолы

22

Қазақстанда қазақ тілін меңгертудің заманауи тәсілдерін дамыту бағытында «Steppe Games» атты жаңа білім беру жобасы таныстырылды. Бұл бастама тіл үйрену үдерісін ойын форматына көшіру арқылы балалардың қызығушылығын арттыруды көздейді.

Жоба мазмұны білім беру мен ойын элементтерін табиғи түрде ұштастырады. Соның нәтижесінде тіл үйрену күрделі міндет емес, мазмұнды әрі тартымды танымдық тәжірибеге айналады. Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай әдіс балалардың оқу үдерісіне еркін енуіне және қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті қатар игеруіне мүмкіндік береді.

Ойынның мазмұны ұлттық болмысқа негізделген. Онда тарихи деректер мен этнографиялық ерекшеліктер, дәстүрлі ойындар мен географиялық таным элементтері кеңінен қамтылған. Мұның бәрі қолданушыны қазақ халқының мәдени кеңістігіне тереңірек бойлатуды мақсат етеді.

Тіл үйрену үдерісі ойын ішіндегі диалогтер, оқиғалар желісі мен кейіпкерлер арқылы табиғи түрде жүзеге асады. Бұл тәсіл оқушыға жаңа сөздер мен құрылымдарды арнайы жаттаусыз, қызықты форматта меңгеруге жағдай жасайды. «Steppe Games» алты жастан бастап әртүрлі деңгейдегі қолданушыларға арналған.

Жобаның тағы бір бөлігі – «Steppe Rider» атты білім беру ойыны. Бұл өнім динамикалық жүгіру жанры мен танымдық сұрақ-жауап элементтерін біріктіреді. Ойын барысында қатысушы қар барысымен бірге сапарға шығып, түрлі тапсырмаларды орындайды, әріптер мен сөздерді жинайды, жаңа тақырыптар мен деңгейлерді ашады.

Ойын құрылымында жетістіктер жүйесі, рейтингтер және ішкі ойын валютасы ретінде асық қолданылған. Тақырыптық бөлімдер қатарында отбасы, табиғат, жануарлар әлемі, тағам мәдениеті секілді бағыттар қамтылған.

«Steppe Rider» балаларға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де бейімделген. Көркем безендірілуі мен ұлттық нақыштағы элементтері оқу үдерісін жеңіл қабылдауға ықпал етеді, ал ойын форматы тіл үйренуді қызықты саяхатқа айналдырады.

Аталған жобалар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан әзірленген.