Қарағандыда HackCor Hackathon үшкүндік хакатоны өз мәресіне жетті. Іс-шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе ұйымдастырылды. Қатысушыларға қойылған басты міндет – қысқа уақыттың ішінде мемлекеттік тапсырыстардағы күмәнді деректерді анықтайтын жасанды интеллект жүйесін немесе еріктілерге арналған мобильді қосымша әзірлеу болатын
Хакатонға еліміздің түрлі өңірінен келген 60 команда, 200-ден астам жас IT-маман қатысты. Жалпы жүлде қоры – 1 миллион теңге. Бірінші орынға – 300 мың, екінші орынға – 200 мың теңгеден берілді.
Мемлекеттік тапсырыстардағы күмәнді деректерді анықтау бағыты бойынша жеңіс павлодарлық командаға бұйырды. Ақпараттық технологиялар колледжінің екінші курс студенттері Жігер Жапар мен Бараат Кахималаев әзірлеген XGuard жүйесі — машиналық оқытудың озық алгоритмдеріне негізделген. Жоба мемлекеттік тапсырыстардағы жемқорлық қатерлерін автоматты түрде анықтауға бағытталған.
Осы бағыттағы екінші орынды математикалық деректерді өңдеу арқылы күмәнді тендерлерді саралайтын ЖИ-модуль иеленді.
Еріктілерге арналған жоба бағыты бойынша жеңіс Семей мен Шымкенттің оқушыларынан құралған бірлескен командаға бұйырды. Жоғары сыныпта оқитын жасөспірімдер еріктілер қозғалысына арналған жаңа буынға лайық платформа әзірлеп, оны SENIM деп атаған. Жобаны толықтай жасап шығарып, іске қосуға дайын күйде ұсынды.
Бұл бағыттағы екінші орын Петропавлдан келген командаға берілді. Олар волонтерлік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған мобильді қосымша әзірлеп, оны түрлі құрылғыға бейімдеп ұсынды.
– Қазылар үздік жобаларды таңдап алды. Сонымен қатар көрермендер көзайымы атанған командаларға да арнайы жүлде берілді – әрқайсысына 50 мың теңгеден. Жүлдеге ілінбегенімен, жақсы нәтиже көрсеткен бірқатар қатысушылар да назардан тыс қалмады, – деді «Террикон алқабы» жобасының маркетинг бөлімінің жетекшісі Георгий Сергеев.
Көрермен көзайымы атанған командалар қатарында Astana IT University, Қарағандыдағы Ақпараттық технологияларға бейімделген мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты және Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицей командалары бар.