2024–2025 оқу жылында педагогтердің аттестациялау процесі алғаш рет толықтай цифрлық форматқа көшті. Енді мұғалімдердің біліктілігін бағалау ұлттық «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізілуде.
Платформа бірнеше мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген. Мұнда мұғалімнің жұмыс орны, еңбек өтілі, білімі мен кәсіби жетістіктері автоматты түрде жиналып, бірыңғай жүйеде көрсетіледі. Осылайша қағазбастылық жойылып, бағалау процесі әділ әрі ашық жүргізілуіне жол ашылды.
Педагогтің сабақ беру шеберлігі арнайы бақылаушы мамандардың толтырған бақылау парақтары арқылы жүйеге енгізіледі. Әрбір қорытынды электронды цифрлық қолтаңбамен расталып, объективті түрде бағаланады. Ал мұғалімнің кәсіби жетістіктері мен қосымша белсенділігі жеке модуль арқылы тіркеледі.
Бүгінде платформада 635 мыңнан астам педагог бар. Оның ішінде 94 мыңнан аса мұғалім «Педагог-модератор» және «Педагог-эксперт» санаттары бойынша аттестациядан өтуде. Қазіргі таңда шамамен 66 мың педагогтің (71%) аттестациясы аяқталды.
Алдағы уақытта жүйе мүмкіндіктері кеңейіп, басқа да біліктілік санаттарын қамту жоспарланып отыр.