Home Техника Автокөліктер Шекарадағы жаңа өткізу бекеттерінде электронды кезек жүйесін енгізілмек

Шекарадағы жаңа өткізу бекеттерінде электронды кезек жүйесін енгізілмек

10

Шекарадағы процестерді цифрландыру және тиімділігін арттыру мақсатында елімізде көлік құралдарына арналған CarGoRuqsat электронды кезек жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде.

Бүгінде бұл жүйе Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Ресеймен шекарадағы бірқатар өткізу бекеттерінде жұмыс істеп тұр. CarGoRuqsat жүйесі арқылы жүк тасымалдаушылар шекарадан өту уақытын алдын ала белгілй. Бұл жүк көліктерінің ұзын-сонар кезекте тұруын болдырмауға, шекарадан өтуді жедел әрі ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Жүйе 18 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен біріктірілген. Осылайша тасымалдаушылар жолға шығар алдында айыппұлдар, берешектер, қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғы туралы мәлімет алып отырады.

Жаңа жүйе адами факторды азайтып, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.

CarGoRuqsat іске қосылғаннан бері Қазақстан мен Ресей арасындағы 24 өткізу бекеті арқылы 200 мыңнан астам жүк көлігі өткен. Бұл жүйенің сұранысқа ие әрі тиімді екенін көрсетеді.

Осы нәтижелерді ескере отырып, 2025 жылдың сәуір–мамыр айларында CarGoRuqsat жүйесі Ресеймен шекарадағы төрт ірі өткізу бекетіне енгізіледі: «Жаңа жол» (Солтүстік Қазақстан облысы), «Қайрақ» (Қостанай облысы), «Сырым» (Батыс Қазақстан облысы), «Жайсан» (Ақтөбе облысы).

Сондай-ақ жыл соңына дейін жүйе Қазақстан–Қырғызстан шекарасындағы бірқатар өткізу бекеттеріне де енгізіледі. Атап айтқанда: «Сартөбе», «Ауқатты», «Сыпатай батыр», «Айша бибі», «Қарасу», «Қордай».

Электронды кезекке тіркелу үшін CarGoRuqsat қосымшасы немесе cgr.qoldau.kz сайты арқылы қажетті өткізу бекетін, шекарадан өту күні мен уақытын таңдап, жүргізуші мен көлік туралы мәлімет енгізу қажет.

Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті жүк тасымалдаушыларды электронды кезекке алдын ала тіркелуге шақырады.

Қосымша ақпаратты 1414 немесе 8-800-080-7777 нөмірлері арқылы Call-орталықтан алуға болады.