Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстанда 200 мың мұғалім ChatGPT Edu жобасына қосылады

Қазақстанда 200 мың мұғалім ChatGPT Edu жобасына қосылады

6

Қазақстанда білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа цифрлық жоба іске асырылмақ. Оқу-ағарту министрлігі ChatGPT Edu пилоттық бастамасын ресми түрде енгізуге дайындалып жатыр. 2026 жылы жоба аясында 200 мың мұғалім қамтылып, олардың күнделікті қайталанатын жұмыстарын жеңілдетуге жағдай жасалады.

Қазіргі уақытта QazTech платформасы негізінде Ұлттық білім беру деректер қоры жаңартылып жатыр. Бұл жүйе электронды күнделіктерді бір ортаға жинақтап, білім алушылар мен ұстаздардың цифрлық бейінін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ұлттық білім беру платформасын құру жоспарланған. Соның нәтижесінде бүгінге дейін әртүрлі жүйелерде шашыраңқы жұмыс істеп келген қызметтер мен мемлекеттік сервистер бір жүйеге біріктіріледі. Бұл өзгеріс білім беру үдерісін жай есеп жүргізуден деректерге сүйенген басқару тәсіліне көшіруге жол ашады.

Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізу арқылы білім сапасын арттыру, мұғалім еңбегінің тиімділігін күшейту және олардың зерттеушілік қабілетін дамыту. Сонымен бірге, академиялық үдерістерді автоматтандыру көзделіп отыр.

Меморандум аясында Оқу-ағарту министрлігіне ChatGPT Edu платформасының 100 мың лицензиясы бөлінген. Оның 5 мыңы мектепке дейінгі ұйымдарға, 85 мыңы орта білім беру мекемелеріне, 10 мыңы колледждерге қарастырылған. Жылдың екінші жартысында бұл лицензиялар қайта бөлініп, тағы 100 мың мұғалімге беріледі.

Жоба шеңберінде әрбір ұстазға жеке цифрлық көмекші ұсынылады. ChatGPT Edu санаулы минут ішінде сабақ жоспарын әзірлеуге, тапсырмалар мен тесттер құрастыруға, оқу материалдарын әртүрлі деңгейдегі оқушыларға бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мазмұнды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындауға жол ашады.

Сабақ барысында бұл құрал күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіруге, өмірмен байланысты мысалдар келтіруге, оқу үдерісін пікір алмасуға, бірлескен жобаға немесе зерттеуге негізделген жұмысқа бағыттауға көмектеседі. Бұдан бөлек, мұғалімдер бағалау өлшемдерін әзірлеуде, оқушылардың жұмыстарын алдын ала саралауда және жеке кері байланыс беруде де қолдау табады. Дегенмен қорытынды бағаны әрдайым ұстаздың өзі қояды.

Мамандардың пікірінше, бұл бастама мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа серпін береді. Олар заманауи оқыту тәсілдерін меңгеріп, оқу бағдарламаларын жетілдіре алады, әдістемелік материалдар әзірлеуге және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі жаңа тәжірибелерді игеруге мүмкіндік алады.