Алматыда өткен Securex Kazakhstan 2025 көрмесінде қауіпсіздік, өртке қарсы қорғаныс, ақпараттық технологиялар және дрондар саласындағы заманауи шешімдер таныстырылды. Шараға әлемнің түрлі елдерінен жетекші компаниялар, сарапшылар мен мамандар жиналып, киберқауіптерден қорғану, ақпараттық жүйелерді қорғау және қауіпсіздікті автоматтандыру бағытындағы соңғы жетістіктерді талқылады.

Көрмеге 8 елден келген 65 компания қатысты: Қазақстан, Беларусь, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея. Олар өз стендтерінде саланың негізгі бағыттарын ұсынды – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерінен бастап киберқауіпсіздік, пилотсыз технологиялар мен интеллектуалды күзет шешімдеріне дейін. Көрме қонақтары биометриялық сәйкестендіру технологияларымен, деректерді цифрлық қорғау жүйелерімен, кешенді қауіпсіздік шешімдерімен және аналитикалық жүйелермен танысты. Сонымен қатар, инновациялық өрт сөндіру жүйелері мен қорғаныс және бақылау саласындағы жаңашыл әзірлемелер де назарға ұсынылды. Көрме қатысушыларының қатарында ЭГИДА GROUP, HDL Kazakhstan, ENYING, Tiandy, Carddex Keeper, Suprema, Drone.kz, All Prof Telecom, Aardvark, Almavikon, Аэроскан, AP Sensing, Arti Group, Геоскан-Казахстан, NewTechDistribution және басқа да компаниялар бар.

Көрме аясында дрондар мен оларды қолдану саласына арналған «DronEx Kazakhstan 2025» арнаулы бөлім құрылды. Бұл алаң өнеркәсіптік дрондардың қауіпсіз қолданылуы мен оларды басқару технологияларын көрсетуге арналды. Қонақтар дрон басқару симуляторлары арқылы жаңа технологияларды өздері сынап көріп, дрон-футбол ойнап, виртуалды жарыстарға қатысты. «DronEx 2025» экспозициясына Геоскан-Казахстан, БизнесИнжиниринг, VODOPAD, CLEVEREST, D-FEND, R&D Center Казахстан Инжиниринг компаниялары қатысты.
Көрмеде ақпараттық қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, ITS бөлімі IT-индустрия мамандары үшін маңызды алаңға айналды. Мұнда деректер мен инфрақұрылымды қорғауға арналған заманауи шешімдер таныстырылды. Almighty Technology, Iris ID Systems Inc., IT Security Systems, NUR-AI DIGITAL, Ap Sensing, Чефи, TP-Link Kazakhstan, Suprema сынды компаниялар өз өнімдерін ұсынды.
Көрменің жартысына жуығын алғаш рет қатысқан компаниялар құрады. Олар саланың болашағына жаңа көзқарас әкеліп, индустрияның жаңа стандарттарын қалыптастыруға бағытталған шешімдер ұсынды. All Prof-Telecom, Almavikon, AP Sensing, Arti Group, Геоскан-Казахстан, NewTech Distribution сынды компаниялар өздерінің тың жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

Көрменің іскерлік бағдарламасына 27 спикер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Олар 4 конференция мен 2 семинарда өз ойларымен бөлісті. Бағдарлама саланың кәсіби мамандарының, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың назарын аудартты.Іс-шара «Қазақстандағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған инновациялар мен инфрақұрылымдық шешімдер» тақырыбындағы пленарлық отырыспен басталды. Спикерлер қатарында Алматы қаласы ТЖД өкілдері мен Еуропалық Одақтың өрт қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық қауымдастығының мамандары болды. Олар Қазақстан мен Алматының қауіпсіздігін арттыру үшін заманауи технологияларды енгізу, заңнаманы жетілдіру және халықтың хабардарлығын күшейту қажет деген пікірге келді.
Іскерлік бағдарлама аясында «DronEx 2025: Технологиялар іс жүзінде» атты бірінші конференция өтті. Онда дрондарды заңды реттеу, олардың қауіпсіздігі, антидрондық жүйелер және технологиялық жаңалықтар талқыланды. Конференция спикерлері нақты оқиғаларға сүйене отырып, дрондардың өндіріс пен төтенше жағдайларда қолданылуын баяндады.

Көрме барысында «DronEx 2025: Дрондар заманауи әлемде – технологиялар, қауіпсіздік және тәжірибе» атты конференция, «Securex Talks: Киберқауіпсіздік – күрделі инфрақұрылымдардағы жасанды және табиғи интеллект» панельдік сессиясы және «Securex Practice: Іс жүзіндегі кейстер мен енгізу мәселелері» секциясы өтті. Арнайы тақырыптық бөлімнің модераторы киберқауіпсіздік, IT-технологиялар мен коммуникация саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшы Евгений Питолин болды.
Ол – Qaztech Альянсының ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы және DataStar компаниясының басқарушы директоры.
Басты сессияларда аппараттық шешімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәуекелдерді басқару мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, дәстүрлі және заманауи мәліметтерді қорғау технологияларының ерекшеліктеріне жаңа көзқарас ұсынылды. Көбірек назар мобильді қосымшалардың қауіпсіздігіне, цифрлық өнімдерді әзірлеу ерекшеліктеріне және IT-компанияларды сыртқы кибершабуылдардан қорғауға аударылды.
Көрменің соңғы күнінде DronEx Kazakhstan аймағында Micro-FPV дрондар жарысының финалы өтіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Securex Kazakhstan 2025 көрмесінің іскерлік бағдарламасы киберқауіпсіздік, инновациялар, пилотсыз технологиялар және корпоративтік шешімдер бойынша кең тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар бұл бағдарламаны кәсіби мамандардың бас қосқан алаңы деп бағалап, оның бизнесті дамытуға, жаңа серіктестіктер орнатуға, тәжірибе мен байланыстар алмасуға үлкен мүмкіндік бергенін атап өтті.
Инна ЧИКУРОВА