Home Электроника Ұялы телефон Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа...

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

11

Көктем – жаңару мен серпілістің кезеңі. Технологиялық индустрияда бұл уақыт, әдетте, флагмандық құрылғылардың таныстырылымымен ерекшеленеді. Биылғы маусымдағы ең көп күтілген смартфондардың бірі — Samsung Galaxy S26. Android экожүйесіндегі негізгі бағдаршам саналған бұл модель өз сегментінде технологиялық бағыт-бағдарды айқындайды. Нарықтағы өзге өндірушілер де көбіне осы серияға қарап межесін белгілейтіні белгілі.

Инновациялық ой үнемі қозғалыста. Сол себепті Samsung Galaxy S26 желісінде де айтарлықтай жаңартулар бар. Олар құрылғының әлеуетін арттырып қана қоймай, болашақ иелерінің күнделікті тәжірибесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Дәстүрге сай Samsung Galaxy S26 желісі үш үлгіде ұсынылған: ең шағын әрі стандартты нұсқа, мүмкіндігі кеңейтілген Plus және техникалық сипаттамалары жағынан ең озық Ultra. Бұл шолуда негізгі назарды Ultra үлгісіне аударамыз.

Эргономикасы, өлшемдері және дизайны

Алғаш көзге түсетіні — жаңартылған дизайн. Үш нұсқаның да корпус бұрыштары өткен жылғы модельмен салыстырғанда жұмсақ әрі ықшам пішінге ие. Құрылғы қолға ыңғайлы орналасады, күнделікті қолдануға қолайлы. Samsung Galaxy S26 Ultra өлшемдері 78,1 мм × 163,6 мм × 7,9 мм.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Ultra нұсқасы титан жақтаудан бас тартқанымен, бұл оның беріктігіне әсер етпейді. Барлық модельдер жеңіл әрі мықты алюминий қорытпасынан жасалған. Galaxy S26 Ultra салмағы шамамен 214 грамм. Ал Galaxy S26 Plus пен Galaxy S26 одан да жеңіл, себебі олардың өлшемдері ықшам: тиісінше 75,8 мм × 158,4 мм × 7,3 мм және 71,7 мм × 149,6 мм × 7,2 мм.

Дисплей

Galaxy S26 Ultra 6,9 дюймдік Dynamic AMOLED 2X дисплейімен жабдықталған. Ажыратымдылығы — QHD+, ал жаңару жиілігі 1–120 Гц аралығында автоматты түрде бейімделеді. Құрылғы IP68 стандартына сай шаң мен ылғалдан қорғалған, ал алдыңғы беті Gorilla Glass Victus 2 қорғаныш әйнегімен қапталған.

Galaxy S26 Plus 6,7 дюймдік Dynamic AMOLED 2X дисплейге ие, QHD+ ажыратымдылық және 120 Гц жиілік қолдауы сақталған.

Ең ықшам Galaxy S26 нұсқасы 6,3 дюймдік FullHD+ дисплеймен ұсынылған.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Galaxy S26 Ultra дисплейінің ерекшеліктерінің бірі — экран құпиялылығы технологиясы. Бұл экран жарықтығын белгілі бір бұрышта автоматты түрде бәсеңдету арқылы бөгде адамның ақпаратты көруіне жол бермейді. Қорғаныш пленкаларынан айырмашылығы — бұл функцияны икемдеуге болады. Мысалы, тек банк қосымшаларына, контактілерге немесе галереяға ғана қолдануға не мүлде өшіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, экран сапасына, айқындық пен детальға әсер етпейді.

Қосымша ерекшеліктер

Galaxy S26 Ultra стилус S-Pen-мен жабдықталған. Оның пішіні сәл өзгергенімен, функционалдық мүмкіндіктері алдыңғы модельдегідей сақталған.

Ultra нұсқасының басты артықшылықтарының бірі — жасанды интеллектпен жетілдірілген камера жүйесі.

Камера модульдері бірінің үстіне бірі тік бағытта орналасқан, шағын көтеріңкі алаңшаға топтастырылған. Бұл — Samsung Galaxy смартфондарына тән айрықша дизайн белгісі.

Негізгі камера ірілендірілген сенсормен жабдықталған. Мұндай шешім әсіресе жарық тапшылығы байқалатын жағдайда айқын артықшылық береді: бейнедегі цифрлық шу азайып, кескіннің сапасы жақсарады. Кеңейтілген диафрагма жарықты молырақ қабылдап, экспозицияны дәлірек қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша Galaxy сериясында бұрын-соңды қолданылмаған жоғары жарықсезімтал камера жүйесі қалыптасқанын айтуға болады. Қолдың болар-болмас қозғалысы немесе жарықтың жеткіліксіздігі түсірілім сапасына елеулі әсер етпейді — нәтижесінде кадр анық, айқын және ұсақ бөлшектерге бай болып шығады.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Нәтижесінде фотосуреттер табиғи, анық әрі кәсіби деңгейде көрінеді. Тіпті тәжірибесі аз қолданушы да алыстағы нысандарды немесе портреттерді жоғары сапада түсіре алады.

Негізгі камера жүйесінің құрамы:
200 МП ажыратымдылықтағы кең бұрышты объектив, жарық өткізгіштігі f/1.4;
50 МП ультракең бұрышты объектив, жарық өткізгіштігі f/1.9;
қос телефото модуль — 50 МП және 10 МП, жетілдірілген масштабтау мүмкіндігімен.

Алдыңғы камера — 12 МП.

Galaxy S26 Plus және Galaxy S26 нұсқалары 50 мегапиксельді кеңбұрышты, 12 мегапиксельді аса кең қамтитын және үш еселік оптикалық ұлғайтуы бар 10 мегапиксельді телекамерамен жабдықталған. Алдыңғы камераның ажыратымдылығы — 12 мегапиксель.

Бейнетүсірілім кезінде ұлғайту мүмкіндігі де жетілдірілген. Соның нәтижесінде кадр айқындығы мен кескінді тұрақтандыру сапасы едәуір жақсарған.

Фото және бейнетүсірілім бұрынғыдан да ыңғайлы. Көптеген параметрлер автоматты түрде реттеледі. Дегенмен PRO Photo және PRO Video режимдерінде қолмен баптау мүмкіндігі сақталған. Мысалы, штатив арқылы ұзақ экспозиция қойып, жұлдызды аспанды немесе Айды түсіруге болады.

Қосымша екі арнайы түсіру мүмкіндігі қарастырылған.
Super Steady Video қозғалыс кезінде пайда болатын дірілді барынша азайтып, бейненің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде жүріп бара жатып немесе белсенді әрекет үстінде түсірілген кадрлар да бірқалыпты әрі айқын шығады.

Horizontal Lock көкжиек сызығын автоматты түрде теңестіріп отырады. Смартфон қолда сәл қисайып тұрса да, жасанды интеллект кадрдың көлбеуін түзеп, бейнені түзу қалпына келтіреді.

Бейнежазбаны өңдеу бұрынғыдан да қолайлы бола түскен. Қолданушы түстік реңкті реттеп, контраст пен жарық деңгейін өзгерте алады.

Бұл мүмкіндіктер Galaxy S26 топтамасының барлық үш нұсқасында қолжетімді.

ЖИ негізіндегі функциялар айтарлықтай кеңейген.

Сурет салу, анимация қосу, фотосуреттерді жандандыру, ашықхат немесе тұсқағаз құрастыру мүмкіндіктері артқан. Шығармашыл студияда генерация стилін таңдау нұсқалары көбейген.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Фотосуреттерді өңдеу құралдары да жетілдірілген. Қажетсіз нысанды өшіру, портреттегі шаш үлгісін, киімді немесе фонды өзгерту, элемент қосу немесе алып тастау мүмкіндігі бар. Мұның барлығын дауыстық пәрмен арқылы орындауға болады.

Портреттерді әртүрлі стильде өңдеп, студиялық деңгейдегі нәтижеге қол жеткізуге болады.

Қосымша сервистерді пайдаланудың қажеті жоқ. Барлық жұмыс телефонның кіріктірілген қосымшалары арқылы жүзеге асады.

Процессор және жады

Galaxy S26 Ultra 3 нм техпроцесімен жасалған Snapdragon 8 Elite Gen 5 for Galaxy процессорымен жабдықталған. Жаңартылған буландыру камерасы салқындату жүйесінің тиімділігін арттырған. Бұл — ойын әуесқойлары үшін жоғары графика параметрлерінде ойнауға мүмкіндік береді.

Жедел жады — 12 ГБ немесе 16 ГБ. Ішкі жады нұсқалары — 256 ГБ, 512 ГБ және 1 ТБ.

Galaxy S26 Plus және Galaxy S26 модельдері 2 нм техпроцесімен жасалған Exynos 2600 процессорымен жұмыс істейді. Жедел жады — 12 ГБ, ішкі жады — 256 ГБ немесе 512 ГБ.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

ЖИ қолдауымен функциялар

Now Nudge функциясы смартфонда сақталған деректерді талдап, автотолтыру, фото іздеу, жоспарға сәйкес ұсыныс беру секілді қызметтерді атқарады. Қазіргі таңда 13 тілді қолдайды, әзірге қазақ және орыс тілдері енгізілмеген.

Now Bar және «Менің күнім» функциялары смартфондағы негізгі қолданбаларға жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар пайдаланушының күн тәртібін, жоспарланған кездесулерін, ұйқы режимін және күнделікті әдеттерін талдай отырып, дербестендірілген ұсыныстар мен талдамалық мәліметтер ұсынады.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

«Белгіле де ізде» функциясы жетілдірілген алгоритм арқылы киім, сурет, мақала, музыка, туристік нысан, өнер туындысын таба алады. Сонымен қатар мәтін аудару, математикалық есеп шығару, тауар іздеу, QR код оқу мүмкіндігі бар. Google қолдайтын барлық тілмен жұмыс істейді.

Батарея және қуаттау

Galaxy S26 Ultra 5000 мА·сағ аккумулятормен жабдықталған. 60 Вт жылдам сымды қуаттау қолдауы бар. 30 минутта 70 пайызға дейін қуатталады. Сымсыз қуаттау қуаты — 25 Вт.

Galaxy S26 Plus нұсқасы 4900 мА·сағ сыйымдылықтағы аккумулятормен және қуаты 45 Вт болатын жылдам сымды қуаттау жүйесімен жабдықталған.

Ал Galaxy S26 моделінде 4300 мА·сағ аккумулятор орнатылған, ол 25 Вт қуаттағы жылдам сымды қуаттауды қолдайды.

Сымсыз қуаттау қолданылған жағдайда құрылғының қуаттағышпен барынша тығыз жанасуын арнайы магнитті қап қамтамасыз ететінін ескерген жөн.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Ұсыныс ретінде ең жұқа, жеңіл әрі төзімді нұсқа — карбон қапты атауға болады. Бұл — ұтымды шешім. Өйткені ол сымсыз қуаттау жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, смартфонның өлшемін іс жүзінде үлкейтпейді.

Түстік шешімі

Galaxy S26 сериясы үйлесімді әрі талғампаз төрт реңкте ұсынылған: күлгін, көгілдір, сондай-ақ дәстүрлі қара мен ақ.

Ал алдын ала тапсырыс берушілер үшін ерекше екі нұсқа қарастырылған: қызғылт алтын және күміс түстер.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Galaxy Buds4 Pro және Galaxy Buds4

Қосымша құрылғы ретінде Galaxy Buds4 Pro және Galaxy Buds4 сымсыз құлаққаптарын ұсынуға болады. Бұл модельдер жоғары сапалы дыбысымен, ұзақ уақытқа жететін қуат қорымен, құлаққа жайлы қонымымен және заманауи дыбыс форматтарын қолдауымен ерекшеленеді.

Samsung Galaxy S26 Ultra — қуат, стиль және мінсіз бейне сапасының жаңа өлшемі

Қорытынды

Сіз қуаты жоғары, бейнесі айқын әрі түс беруі мінсіз экранға ие, кәсіби деңгейдегі түсірілім жасауға мүмкіндік беретін камера жүйесі бар және жасанды интеллектіге негізделген озық функциялармен жабдықталған заманауи смартфон іздесеңіз, Galaxy S26 сериясына назар аударғаныңыз орынды. Ultra, Plus немесе базалық нұсқа — әрқайсысы өз сегментінде талапқа сай шешім ұсынады. Бұл модельдер бүгінгі технологиялық үдерістің биік деңгейін айқындап, өнімділік пен сапаның үйлесімді үлгісін көрсетеді.