Қазақстанда сақтандыру ұйымдары мен агенттерінің жұмыс тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру саласындағы талаптарды жаңартып, шарт жасасу және оның талаптарын орындау тәртібін нақтылады. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және жосықсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған шаралар белгіленді, деп хабарлайды LS.
Жаңа талаптарға сәйкес, сақтандыру шартын жасамас бұрын сақтандыру ұйымы немесе агенті клиентке сақтандыру тарифтері, сақтандыру сомасы, сақтандыру сыйлықақысын төлеу мерзімдері, сақтандыру жағдайлары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, шартқа өзгерістер енгізу тәртібі және оны мерзімінен бұрын тоқтатудың салдары туралы толық ақпарат беруге тиіс. Қосылу шарты жасалған кезде клиентке сақтандыру қағидалары қағаз немесе электрондық нұсқада ұсынылуы қажет. Сондай-ақ осы құжаттар орналастырылған интернет-ресурсқа сілтеме беруге болады.
Бұдан бөлек, құжатта сақтандыру жағдайларын қарау тәртібі егжей-тегжейлі айқындалған. Атап айтқанда, сақтандыру төлемін алу туралы өтінішті қабылдау, құжаттарды тексеру, оқиғаның мән-жайларын анықтау, төлем жасау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдау кезеңдері, сондай-ақ өтініш берушіге уәжді жауап жолдау мерзімдері белгіленді.
Сақтандыру ұйымдары өз қызметкерлерінің тізілімін цифрлық форматта жүргізіп, олар туралы мәліметтерді бірыңғай деректер базасына ұсынуға міндетті. Сонымен қатар тұтынушылар үшін қажетті ақпаратты жариялау, сақтандыру агенттерін оқытуды ұйымдастыру және олардың кәсіби біліктілігін кемінде үш жылда бір рет арттыру қамтамасыз етілуге тиіс.
Өзгерістердің жеке бөлігі зейнетақы аннуитеті шарттарына қатысты. Оларды қашықтан рәсімдеу мүмкіндігі кеңейтілді. Енді сақтандыру ұйымдары клиенттің жеке басын сәйкестендіруді, электрондық құжаттарға тәулік бойы қолжетімділікті, шартқа өзгеріс енгізу, сақтандыру төлемдерін алу туралы өтініш беру және шартты мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігін цифрлық сервистер арқылы қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану көзделген. Бұл азаматтардан талап етілетін құжаттар тізімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қаулы 16 тамыздан бастап күшіне енді.
Айнаш Өндіріс












