Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан азаматтары жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда да оны eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ауыстыра алады. Бұған дейін бұл қызмет интернет арқылы тек құжаттың мерзімі әлі жарамды болғанда, сондай-ақ құжат жоғалған, ұрланған немесе аты-жөні өзгерген жағдайда ғана ұсынылатын. Енді қызмет ауқымы кеңейіп, куәліктің қолданылу мерзімі аяқталған жағдайларды да қамтитын болды.
Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санатына қатысты. Егер құжаттың мерзімі өтіп кеткеннен кейін ауыстыру рәсімі жүргізілсе, азамат міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп, көлік құралын басқаруға рұқсат алуы қажет.
Медициналық тексеруден өткен пайдаланушы өтініш берген сәтте қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер азамат жүргізуші куәлігін мерзімі аяқталмай тұрып жаңартса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету уақыты шамамен 60 минутты құрайды.
eGov.kz порталы арқылы қызметті пайдалану үшін пайдаланушы келесі әрекеттерді орындауы тиіс:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөлімдеріне кіру;
- «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау;
- дайын құжатты алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығын көрсету және фотосуретті жүктеу (фотоға қойылатын талаптармен алдын ала танысу);
- қолтаңба үлгісін жүктеп, байланыс телефонын көрсету;
- мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 айлық есептік көрсеткіш). Егер өтініш қайта беріліп отырса, «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады;
- өтінішті қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы растау.
Ал eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті пайдалану үшін келесі қадамдар орындалады:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, «eGov мемлекеттік қызметтері» – «Жүргізу және көлік» бөлімін таңдау;
- «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау;
- фотосуретке қойылатын талаптармен танысып, қажетті файлды жүктеу;
- қолтаңба үлгісін жүктеу немесе жазып, «Сақтау» батырмасын басу;
- дайын құжатты алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығын таңдап, «Жалғастыру» пәрменін басу;
- мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 айлық есептік көрсеткіш). Егер өтініш қайта жолданса, «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады;
- өтінішті қолжетімді қол қою тәсілдерінің бірі арқылы растау.
Қызмет нәтижесі eGov.kz порталындағы жеке кабинеттегі «Хабарламалар» бөлімінде, ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар» – «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Құжат дайын болғаннан кейін азамат таңдаған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлігін көрсету арқылы алып кете алады.
«Жақын уақытта жүргізуші куәлігін ауыстыру үдерісін толықтай онлайн форматқа көшіру жоспарланып отыр. Биылғы сәуір айынан бастап өтініштерді электронды түрде қабылдауға басымдық беріледі. Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарына тікелей бару қажеттілігін азайтып, кезектерді қысқартуға мүмкіндік береді. Қызмет бұрыннан онлайн ұсынылып, азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие болғандықтан, мұндай қадам цифрландыру үдерісінің заңды жалғасы болады», – деді Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Фотосуретті жүктеу кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтау маңызды. Сурет формат, рұқсаттама және сапа талаптарына сай болуы тиіс. Барлық талаптардың толық тізімі eGov.kz порталындағы қызмет паспорты бөлімінде көрсетілген.
Сондай-ақ бұрын берілген жеке куәліктегі немесе паспорттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда мұндай жағдайда фотосурет алынатын құжат үш жылдан аспайтын мерзім бұрын берілген болуы тиіс. Егер бұл мерзім үш жылдан асып кетсе, жүйе жаңа фотосуретті қолмен жүктеуді талап етеді.
Өтініш беру барысында кейбір жағдайларда пайдаланушы құжаты туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде цифрландырылмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүйе арнайы хабарлама көрсетеді және деректерді жаңарту үшін азаматтың халыққа қызмет көрсету орталығына жеке жүгінуі қажет болады.
Сонымен қатар жүйе автоматты түрде берешектердің бар-жоғын тексереді. Егер жүргізушінің төленбеген айыппұлдары болса және олар салынған күннен бастап 30 күннен астам уақыт өтсе, айыппұл толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру рәсімін ресімдеу мүмкін болмайды.
Айта кету керек, жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылғалы бері оны барлық мүмкін сценарийлер бойынша 60 мыңнан астам рет пайдаланған.
Бұл қызмет Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.












