Home Робот пен дрондар,ЖИ Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

16

Цифрлық технологиялар түрлі саланың жұмыс тәртібін өзгертіп келеді. Осы аптада Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың бірыңғай жүйесі іске қосылып, бейнебақылауға қойылатын алғашқы ұлттық стандарт бекітілді. Жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолдану кеңейіп, роботтарды адамның миынан тарайтын электрлік серпіндер арқылы басқару технологиясы да көпшілік назарына ілікті.

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесін бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктірді. Жаңа платформа мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды, арнайы санаттағы мамандардың медициналық тексеруінен өтуін, зертханалық зерттеулерді, кәсіпорындардағы өндірістік бақылауды және халықты вакцинациялау барысын бір жүйеге топтастырды. Бұған дейін бұл мәліметтер әртүрлі ақпараттық жүйелерде сақталып, бірқатар үдеріс қолмен жүргізілетін. Енді деректер бір платформада нақты уақыт режимінде жиналып, талданады. Бұл санитариялық-эпидемиологиялық қатерлерді ертерек анықтап, төтенше жағдай туындамай тұрып қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Цифрлық технологиялар қауіпсіздік саласында да белсенді қолданыла бастады. Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт бекітілді. СТ РК 4031-2026 стандарты Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 17 шілдедегі №30 НҚ бұйрығымен бекітіліп, 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Құжат ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және қайта жаңарту кезінде бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану тәртібіне қойылатын талаптарды айқындайды. Атап айтқанда, камералардың ажыратымдылығы, жарыққа сезімталдығы, кадр түсіру жиілігі, объективтері, жұмыс температурасы және жабдықты қорғау деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптар белгіленеді. Сондай-ақ аумақтар мен үй-жайларды бақылауға, адамдарды анықтап, сәйкестендіруге, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға және басқа да міндеттерді орындауға арналған камераларға қойылатын талаптар жеке қарастырылған.

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Ал технологиялық даму қалыптасқан цифрлық қызметтермен ғана шектелмейді. Қытайдың BrainCo компаниясы Шанхайда роботтарды ми сигналдары арқылы басқаруға мүмкіндік беретін платформасын таныстырды. Ол үшін ми қызметінен туындайтын электр сигналдарын тіркейтін инвазивті емес электроэнцефалография құрылғысы қолданылады. Жасанды интеллект алгоритмдері алынған сигналдарды талдап, адамның ниетін робот орындайтын пәрмендерге айналдырады. Жүйе әртүрлі роботтық манипуляторлармен, робот-иттермен және гуманоид роботтармен жұмыс істей алады. Әзірлеушілер он жылға жуық зерттеу нәтижесінде адамның ниетін ми сигналдарынан ажырату мүмкіндігі қалыптасқанын атап өтеді. Дегенмен технологияның дәлдігі мен сенімділігі электроэнцефалография құрылғыларының мүмкіндігіне тәуелді болып отыр. BrainCo әзірге жүйенің нақты өнімділік көрсеткіштерін жариялаған жоқ.

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар әлеуметтік салада да кеңінен қолданылып келеді. «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы аясында 628 бала кешенді көмек алды. Оның 470-інде даму және денсаулықты қалпына келтіру бағытында оң өзгеріс байқалған. Бағдарлама Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында балалардың қажетіне бейімделген 405 арнайы құрал-жабдық қолданылуда. Олардың қатарында MyWay жүріп-тұру құрылғылары, тік тұрғызуға арналған жабдықтар мен жаттығу құралдары бар. Балалардың жағдайын әртүрлі сала мамандарынан құралған топ қашықтан бақыласа, ата-аналар күн сайын орындалған жаттығуларды цифрлық күнделікке белгілеп отырады. Жыл соңына дейін жобаны Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында іске қосу жоспарланып отыр.

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Қазақстандық жоғары оқу орындарында да цифрлық жаңғыру жалғасып келеді. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім беру, ғылым және басқару салаларындағы жасанды интеллект жобаларын біріктіретін Auezov AI First бастамасы дамып жатыр. Университетте ресми жасанды интеллект боты, студенттер мен талапкерлерге арналған чат-бот, Auezov Document цифрлық құжат айналымы жүйесі, әлеуметтік желілерді басқаруға арналған Auezov KazSMM сервисі және сабаққа қатысуды автоматты есепке алу жүйесі іске қосылған. AI-Sana бағдарламасы аясында оқытудың бірінші кезеңін 21 194 студент сәтті аяқтады, ал екінші кезеңге тағы 8 685 студент тіркелді. Стартап жобаларын әзірлеу кезеңінде 7 792 студент тестілеуден өтіп, олардың 3 791-і бағдарлама бойынша ресми түрде іріктелген 100 мың қатысушының қатарына енді. Бұдан бөлек, жыл басынан бері университеттің 1 200 студенті Coursera платформасына тіркеліп, жалпы саны 2 031 сертификат алған.

Роботтарды оймен басқару, цифрлық медицина және жаңа бейнебақылау стандарты. Технология апталығы

Жаңа цифрлық инфрақұрылымның құрылысы да жалғасып жатыр. Қазақстанда Каспий теңізінің түбімен өтетін Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың практикалық кезеңі басталды. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. 2025 жылы мамандар инженерлік зерттеулер жүргізіп, желінің бағытын анықтады, экологиялық рұқсат алды және оптикалық күшейткіштері бар арнайы броньдалған кабельдің зауыттағы сынақтарын аяқтады. Қытайдан жеткізілген кабель мен жалпы салмағы 600 тонна болатын үш тасымалдау себеті Құрық портынан Бакуге жеткізілді. Кейін кабель арнайы кемедегі кабельдік цистернаға тиелді. Қазір су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын кабель төсеу кемесі Ақтау бағытына бет алды. Кемеде 70 экипаж мүшесі бар. Ауа райы қолайлы болған жағдайда кабельді теңіз түбіне төсеу жұмыстарын 15–20 күн ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Цифрлық шешімдер денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала және инфрақұрылым бағыттарына біртіндеп еніп келеді. Ал робототехникадағы жаңа әзірлемелер технологияларды қолдану аясының бұдан әрі де кеңейе түсетінін көрсетеді. Келесі аптадағы негізгі жаңалықтарды да назарда ұстаймыз.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.