Қазақстандық блогерлер жарнамаға қатысты мемлекеттік шектеулерге жиі шағымданады. Бірақ көршілес Ресейде бұл бағытта әлдеқайда қатаң шаралар қолға алынған сияқты.
“Известия” басылымының хабарлауынша, Ресей Федерациясында Instagram мен Facebook (Meta компаниясына тиесілі, оның қызметі Ресейде экстремистік деп танылып, тыйым салынған) және бұрынғы Twitter (қазіргі X) секілді шетелдік әлеуметтік желілерде жарнама орналастыруға ресми түрде тыйым салынбақ. Бұл талапты бұзғандарға айыппұл салынады.
Мемлекеттік Думаның қауіпсіздік жөніндегі комитеті бұл бастаманың заң жобасы ретінде қаралып жатқанын мәлімдеді. Комитет төрағасының орынбасары Анатолий Выборныйдың айтуынша, жарнама саласындағы жаңа шектеулер бұрын қабылданған заңдардың қисынды жалғасы болмақ.
«Ресейде тыйым салынған немесе қалаусыз деп танылған шетелдік платформаларда жарнама әлі де жарияланып келеді. Бұл – заңға қайшы. Жарнама арқылы блогерлер ғана емес, осы әлеуметтік желілердің иелері де табыс тауып отыр. Ал олар, өз кезегінде, елге қарсы көзқарас таратып, қоғамда дұшпандық туғызады. Біз бұған жол бере алмаймыз», – деді депутат.
Жаңа заң жобасында жарнама таратушылар үшін нақты жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, “Жарнама туралы” заңның 38-бабына толықтыру енгізіліп, тыйым салынған ресурстарда жарнама жариялауға болмайтыны нақты жазылады.
Егер заң бұзылса, жеке тұлғаларға 2 500 рубльге дейін, лауазымды адамдарға 20 мың рубльге дейін, ал заңды тұлғаларға 500 мың рубльге дейін айыппұл салынады.
Алайда блогерлер қауымдастығы бұл өзгерістерге нарық бірден бейімделе алмайтынын айтып, алаңдаушылық білдіруде.