Home Сараптама Қостанай облысы Қазақстандағы ең цифрлық өңірлердің біріне айналды

Қостанай облысы Қазақстандағы ең цифрлық өңірлердің біріне айналды

7

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда цифрлық технологияларды белсенді енгізіп жатқан өңірлердің бірі – Қостанай облысы. Мұнда өндіріс орындарына автоматтандыру элементтері мен заманауи цифрлық шешімдер жүйелі түрде енгізіліп келеді.

2025 жылы өңірдегі автокөлік құрастыру, тау-кен және машина жасау кәсіпорындарында 101 өнеркәсіптік робот іске қосылды. Ал бұрын енгізілген технологияларды қоса есептегенде, өндірістік процестерде қазірдің өзінде 145 роботтандырылған жүйе жұмыс істейді. Мұндай технологияларды қолдану өндірістің тиімділігін арттыруға, технологиялық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қостанай облысы әкімдігі информатизация, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиевтің айтуынша, өңірдің негізгі мақсаты – жекелеген технологияларды енгізумен шектелмей, Smart Region қағидаттарына негізделген кешенді цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру.

«Біздің міндетіміз – тек жекелеген технологияларды енгізу емес, өңірдің цифрлық инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту. Цифрлық трансформацияның нақты нәтижесін көріп отырмыз: өнеркәсіптегі процестер автоматтандырылып, әлеуметтік салада цифрлық қызметтер дамып келеді, ал деректер басқару шешімдерін тиімді қабылдауға мүмкіндік береді. Басты назар өңір экономикасына нақты пайда әкелетін әрі тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын шешімдерге аударылып отыр», – деді Азамат Қашиев.

Қазіргі уақытта облыста агроөнеркәсіп кешенінде, көлік инфрақұрылымында және медицина саласында да цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл жобалар басқару сапасын арттыруға және шешім қабылдау барысында деректерді кеңінен пайдалануға бағытталған.

Алдағы кезеңде өңірде тиімділігі дәлелденген цифрлық тәжірибелерді кеңінен таратып, экономиканың негізгі салалары мен әлеуметтік бағыттарға жасанды интеллект құралдарын енгізу жоспарланып отыр.