Home Технологиялар Ғарыш NASA-ның Марсқа бағытталған адам қатысатын ұшуларына арналған 11 міндет айқындалды.

NASA-ның Марсқа бағытталған адам қатысатын ұшуларына арналған 11 міндет айқындалды.

5

АҚШ үкіметі Марсты игеруге арналған жан-жақты стратегиясын таныстырды. Құжатта басты назар өзге ғаламшарда тіршіліктің бар-жоғы анықтауға аударылған. 9 желтоқсанда жарияланған құжатта климат пен геологияны зерттеу, экипаж денсаулығына төнетін қауіптерді бағалау секілді 11 ғылыми міндет көрсетілген. Сонымен қатар экспедиция жүргізудің нақты үлгілері ұсынылған. Олар терең бұрғылау жұмыстарынан бастап мұздықтарды зерттеуге дейінгі бағыттарды қамтиды және Марс бетінде 300 марсиан тәулігіне дейін созылатын ұзақ мерзімді миссияларды көздейді.

«Адам қатысатын Марсты ғылыми зерттеу стратегиясы» деп аталатын бұл құжатты АҚШ Ұлттық ғылым, инженерия және медицина академиялары әзірлеген. Онда Марста тіршілікті анықтау болашақ миссиялардың негізгі ғылыми мақсаты екені және түрлі сала зерттеушілері үшін басты бағдар болатыны атап өтілген. 240 беттен тұратын жоспар NASA-ға арналып дайындалған. Агенттік астронавтарды Қызыл ғаламшарға 2030 жылдардың ортасында аттандыруды жоспарлап отыр.

Есепте адам қатысатын миссияға арналған 11 ғылыми мақсат белгіленген. Соның ішінде ең басым бағыт — тіршіліктің іздерін іздеу. Қалған 10 мақсат маңыздылық ретімен төмендегідей көрсетілген:

Марстағы су мен көмірқышқыл газы айналымын зерттеу.

Ғаламшардың егжей-тегжейлі геологиялық картасын жасау.

Марс ортасының астронавтар денсаулығына әсерін бағалау.

Марстағы шаңды дауылдардың себептері мен пайда болу тетіктерін анықтау.

Тұрақты өмір сүруге қажет ресурстардың бар-жоғын және қолжетімділігін анықтау.

Марс жағдайының ДНҚ мен көбею процесіне ықпалын талдау.

Қоршаған ортаның Жердегі микроағзалар, өсімдіктер мен жануарлардан тұратын экожүйеге әсерін зерттеу.

Марс шаңының экипаж бен техникаға ықпалын бағалау.

Радиация деңгейін және оның миссияларға ықпалын зерттеу.

Құжатта Марсқа экспедиция жасаудың бірнеше нұсқасы ұсынылған.

Қай үлгі таңдалса да, баяндамада Марс бетінде ғылыми зертхана құру, үлгілерді Жерге тұрақты түрде жеткізу және астронавтар, роботтандырылған аппараттар мен жасанды интеллекттің бірлескен жұмысын үйлестіру қажеттігі баса айтылған. Сондай-ақ құжатта Марсты жерлік микроағзалармен ластамауға және мүмкін болатын бөтен тіршілік белгілерін сақтауға бағытталған «планеталарды қорғау» ережелерінің маңызы еске салынған.

Осылайша, Марсқа адам қатысатын миссиялар тек технологиялық сынақ қана емес, адамзатты мазалайтын ең маңызды сұрақтардың біріне – Жерден тыс тіршілік бар ма деген сауалға жауап іздеуге бағытталған ауқымды ғылыми зерттеу болмақ.