Home Технологиялар Ғаламтор және желі Digital Almaty 2025 форумында 80 стартап өз жобаларын таныстырды

Digital Almaty 2025 форумында 80 стартап өз жобаларын таныстырды

26

«Digital Almaty 2025» форумында Қазақстанның жетекші стартаптары өздерінің инновациялық жобаларын Стартап алаңында таныстырады. Мұндай іс-шараларға қатысу стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, оларды кеңейту, инвестициялар тарту және халықаралық нарыққа шығу жолдарын көрсетеді.

Стартап алаңы жас компанияларға өз идеяларын инвесторлар, сарапшылар және бизнес өкілдеріне таныстыруға тамаша мүмкіндік ұсынады. Қатысушылар арасында Astana Hub резиденттері бар, олар Орталық Азиядағы жетекші стартаптарға айналып үлгерді. Олардың қатарында Higgsfield.ai стартапы да бар, ол АҚШ қорларынан 16 млн доллар инвестиция тартып, Google нұсқасы бойынша әлемнің үздік 25 стартапының қатарына енген және 2 млн-нан астам пайдаланушыға ие. Сондай-ақ, 2022 жылы құрылған Grand Mobile ойын студиясы 60 млн ойыншы жинап, 2024 жылы 20 млн доллар табыс тапқан, оның 60%-ы халықаралық нарықтардан түседі. Ал CodiPlay стартапы үш жыл ішінде 600-ден астам мектепті қамтып, жақында 9 млн доллар инвестиция тартты, оның бағасы 100 млн доллар деп бағалануда.

Arlan Biotech компаниясының бас директоры Болат Султанкулов өз сөзінде: «Digital Almaty сияқты форумдар стартаптарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, оларды кеңейту мен дамуға жол ашады. Бұл алаң- жобаларымызды таныстыру ғана емес, стратегиялық серіктестіктер құру, инвестициялар тарту және саланың көшбасшыларымен тәжірибе алмасу алаңы. Біз осындай стартап алаңдарға, мысалы, Digital Bridge шараларына жиі қатысып, олардың инновацияларды дамыту мен технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға айрықша әсер ететінін байқадық», — деді.

Arlan Biotech жобасы дәрі-дәрмектерді жасау процесін генеративті жасанды интеллект (ЖИ) арқылы жақсартуды мақсат етеді, бұл фармацевтика саласында шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Биомедицина, машиналық оқыту және биотехнология саласындағы сарапшылар негізін қалаған компания әлемге әйгілі венчурлық инвестор Тим Дрейперден қолдау тауып, Қазақстанның үздік стартаптарының біріне айналды. Қазіргі уақытта Arlan Biotech Meet the Drapers реалити-шоуында $1 млн ұтып алу үшін жарысқа түсіп жатыр.

Форумға қатысушылар қатарында BEKSAR — бизнес автоматизациясына арналған әмбебап платформа, ITMLab — мүгедектігі бар адамдарға арналған реабилитациялық технологияларды әзірлейтін компания, Qala AI — қалалардың тұрақты дамуы үшін жасанды интеллект шешімдерін енгізіп жатқан стартап, сондай-ақ Қазақстан бойынша медициналық тауарларға қолжетімділікті арттыратын Aurma.kz платформасы бар. Сонымен қатар, қазақ мұрасын танымал ету мақсатында заманауи технологияларды қолданатын Qazaq Dinosaur War ойын стартапы да өз жобасын таныстыруда.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 31 қаңтар мен 1 ақпан күндері «Атакент» көрме кешенінде Digital Almaty 2025 халықаралық форумы өтуде. Іс-шараның тақырыбы — «Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар». Форумды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және «Инновациялық технологиялар паркі» АҚФ ұйымдастырып отыр.