2030 жылға қарай электромобильдерге арналған миллионнан астам аккумулятордың қызмет ету мерзімі аяқталуы мүмкін. Соның салдарынан олар әлемдегі ең қарқынды өсіп келе жатқан қалдық ағындарының біріне айналуы ықтимал.
Соңғы жылдары әлемде электромобиль сату көлемі күрт артты. Жаһандық нарықтағы сатылым 20 миллион данадан асып, жаңа сатылған автомобильдердің шамамен төрттен бірін құрады. Электромобильдер нарығының қарқынды өсуіне Ирандағы соғыс та әсер етіп отыр. Қақтығыс салдарынан мұнай мен газ бағасы әлі де қымбаттап келеді.
Тек 2026 жылдың алғашқы жартысында Еуропада 1,24 миллионнан астам толық электрлі автомобиль сатылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,7 пайызға жоғары.
Электромобильдердің өндіріс кезеңіндегі көміртек ізі бензинмен және дизель отынымен жүретін көліктерге қарағанда көбіне жоғары болады. Бұған оларды өндіруге едәуір көп энергия жұмсалатыны себеп.
Бұл айырмашылық негізінен аккумулятор өндірісіне байланысты. Аккумулятор жасау барысында қажетті жылуды қалыптастыру үшін аса көп электр энергиясы жұмсалады. Электр энергиясын жаңартылатын көздерден өндіруге мүмкіндік болғанымен, көптеген елде атмосфераға зиянды заттар бөлетін қазба отындарды жағу арқылы энергия өндіру әлі де басым.
Электромобиль аккумуляторларын жасауға қажетті литий, кобальт және никель секілді минералдарды өндіру де экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан алаңдаушылық туғызады.
Amnesty International ұйымының 2023 жылғы баяндамасында аса маңызды минералдарды өндіру адам құқықтарының бірқатар бұзылуына алып келгені көрсетілген. Олардың қатарында адамдарды тұрғылықты жерінен мәжбүрлеп көшіру және күш қолдану жағдайлары бар.
Қазіргі тау-кен өнеркәсібіне қатысты пікірталастар әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, зерттеулер электромобильдердің қоршаған ортаға тигізетін пайдасы оларды өндіруге жұмсалатын жоғары энергия шығынынан басым екенін көрсетеді.
Transport & Environment (T&E) ұйымының 2020 жылғы есебіне сәйкес, электромобильдер барлық дерлік жағдайда дизель және бензин қозғалтқышты көліктерге қарағанда қоршаған ортаға зияны аз көлік түрі болып саналады. Электр энергиясын өндіру барысында көміртек шығарындылары жоғары елдердің өзінде, мысалы, Польшада, электромобильдердің қоршаған ортаға әсері дәстүрлі көліктермен салыстырғанда шамамен 30 пайызға төмен.
Ең қолайлы жағдайда, яғни электромобиль таза электр энергиясымен қуатталып, оның аккумуляторы да экологиялық таза энергияны пайдалану арқылы өндірілсе, мұндай көліктердің қоршаған ортаға тигізетін кері әсері дәстүрлі көліктерге қарағанда шамамен бес есе аз болады.

Ең маңыздысы, деректер шығарындылар деңгейі орташа электр желісінен қуат алатын электромобильдер аккумулятор өндіруге жұмсалған көміртек шығынын бір жылдан сәл астам уақытта өтейтінін көрсетеді. Ал көлік толық қызмет ету мерзімі ішінде дәстүрлі автомобильмен салыстырғанда атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін 27 тоннадан астамға азайтады, делінген есепте.
Каршеринг қызметінде, такси немесе Uber секілді сервистерде ұзақ уақыт әрі қарқынды пайдаланылатын электромобильдер қызмет ету мерзімі ішінде дизельді көліктермен салыстырғанда көмірқышқыл газының шығарындыларын 77 тоннаға дейін азайта алады, – делінген есепте.
Электромобильдердің басым бөлігі литий-ионды аккумуляторлармен (LIB) жұмыс істейді. Мұндай аккумуляторлар смартфон, ноутбук және ойын консолі секілді күнделікті қолданыстағы электрондық құрылғыларда да пайдаланылады.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA) мәліметінше, литий-ионды және осыған ұқсас аккумуляторлардың қызмет ету мерзімі аяқталатын кезеңі 2030 жылдардың ортасынан бастап күрт көбейеді. Бұл аккумулятордың уақыт өте тозуына байланысты энергияны бұрынғыдай тиімді жинақтап, қайта бере алмайтын кезі.
Осыған байланысты алдағы төрт жыл ішінде шамамен 1,2 миллион электромобиль аккумуляторы қалдыққа айналуы мүмкін. Ал 2040 жылға қарай олардың саны 14 миллионға жетеді деп күтіледі.
Сонымен қатар литий-ионды аккумуляторларға сұраныс та артып келеді. Бұл аса маңызды минералдарды өндіруге түсетін қысымды күшейтіп, болашақта литий тапшылығы туындау қаупін арттырады.
Электромобиль аккумуляторларын қайта өңдеуге болады, алайда бұл өте күрделі әрі қымбат үдеріс. Қайта өңдеудің негізгі кезеңіне кіріспес бұрын аккумуляторды ұзақ уақыт дайындау қажет. Бұл жұмыс оны толық разрядтауды, бөлшектеуді және құрамдас бөліктерін бір-бірінен ажыратуды қамтиды.
Аккумуляторларды қайта өңдеу кезінде қауіпсіздікке қатысты тәуекелдер де бар. Химиялық реакциялар қолданылған жағдайда фторсутек қышқылы сияқты улы заттар бөлінуі мүмкін. Мұндай қосылыстар жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп қана қоймай, қайта өңдеу зауыттарының жабдықтарына да зиян келтіруі ықтимал.
Сондықтан сарапшылар болашақта пайда болатын қалдық көлемін қауіпсіз өңдеп, жаңа аккумуляторлар өндіруге қажетті құнды материалдарды қайта айналымға жіберуге мүмкіндік беретін қайта өңдеу инфрақұрылымын едәуір кеңейтуді ұсынып отыр.
Экологиялық мәселелер бойынша кеңес беретін Valpak компаниясының сарапшысы Джеймс Скифмордың айтуынша, электромобильдер көміртек шығарындылары төмен экономикаға көшу үдерісінде маңызды рөл атқарады. Алайда бұл бағыттың ұзақ мерзімді нәтижесі пайда болатын қалдықтарды қаншалықты тиімді басқара алатынымызға және аса маңызды минералдардың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге байланысты.
«Қайта өңдеу қуаттарын арттыру және тұйық айналымға негізделген инфрақұрылымның тиімділігін көтеру құнды материалдарды қайта өндіріске қайтару, жеткізу тізбектерін нығайту, бастапқы шикізат өндіруге тәуелділікті азайту және электромобильдерге көшу үдерісінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын барынша арттыру үшін аса маңызды», – дейді Джеймс Скифмор.
Ұлыбританиядағы Бирмингем университеті жүзеге асырып жатқан ReLiB жобасы аккумуляторларды қайта өңдеуге арналған жаңа технологияларды әзірлеуде. Жоба нәтижесінде елдің осы саладағы зерттеулер мен технологиялық әзірлемелердің алдыңғы қатарынан көрінуі көзделеді.
Ғалымдар қайта өңделген аккумуляторлардан материалдарды бөліп алу деңгейін шамамен 50 пайыздан 90 пайызға дейін арттыратын технологияларды әзірлеп, өндірістік ауқымға шығаруды көздеп отыр. Бұл ретте аккумуляторларды жылдам әрі тиімді бөлшектеу мен құрамдас бөліктерге ажыратуға мүмкіндік беретін үдерістерге басымдық беріледі.
Еуропалық одақ та Испаниядағы LEITAT технологиялық орталығы үйлестіретін төрт жылдық жобаны қаржыландырып отыр. Оның негізгі мақсаты – ұзақ уақыт алатын қолмен бөлшектеу үдерісін жартылай автоматтандырылған жүйелермен алмастыру. Мұндай жүйелер аккумуляторларды қауіпсіз бөлшектеп қана қоймай, олардың құрамындағы материалдардың шамамен 95 пайызын қайта алуға мүмкіндік береді.

Еуропалық одақ қаржыландыратын BATRAW жобасы аккумуляторларды қайта өңдеумен қатар, оларды қайта пайдаланудың жолдарын да зерттеп жатыр. Кейбір электромобиль аккумуляторлары көлікті қозғалысқа келтіруге қажетті қуатты жеткілікті деңгейде бере алмайды. Алайда мұндай аккумуляторлар энергияны аз қуатпен жинақтау қажет болатын жүйелерде әлі де тиімді қолданылуы мүмкін. Сондықтан оларды бірден қайта өңдеуге жібермей, басқа мақсатқа пайдалану көзделіп отыр.
Жоба аясында қызмет ету мерзімі аяқталған аккумуляторларды қауіпсіз тасымалдаудың жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ғалымдар болашақ аккумуляторларды жөндеуге және қайта өңдеуге жеңіл болатындай етіп жобалау мүмкіндіктерін зерттеуде.
Дереккөз: Euronews
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












