Жуырда Сиднейде өткен Robotics: Science and Systems 2026 конференциясында Солтүстік-Батыс университетінің инженерлері адам көзіне байқалмайтын дронның алғашқы тиімді үлгісін таныстырды. Бұл идеяның негізі 1940-жылдардан бастау алады. Сол кезеңдегі Yehudi light жобасында нысанның көрінбеуі адамның көру жүйесіндегі шектеулерді пайдалануға негізделген. Мұндай дрон радарлардан, қозғалысты анықтайтын сенсорлардан және өзге де тіркеу құрылғыларынан жасырын қала алмайды. Дегенмен оның мақсаты да әскери барлау немесе жасырын бақылау жүргізу емес.
ХХІ ғасырдың басынан бері дрондар автономды бақылау құралы ретінде кеңінен қолданыла бастады. Алайда олардың ұшып жүргенін жануарлар да, адамдар да оңай байқап, соған қарай әрекет етеді. Бұл бақылау жұмыстарының тиімділігіне кедергі келтірді. Осыдан кейін ғалымдар дронды көзге түспейтіндей етіп жасау идеясын қайта қарастыра бастады. Мұнда күрделі технологиядан гөрі адам көзінің қабылдау ерекшелігін пайдалану маңызды болды. Негізгі мақсат дронды барынша қарапайым етіп, оның назарға ілікпеуін қамтамасыз ету еді.
Кәдімгі дронда қозғалысқа келетін негізгі бөлшек пропеллерлер болғандықтан, ортасындағы ірі әрі жарық өткізбейтін корпус бірден көзге түседі. Phantom Twist деп аталған жаңа үлгіде корпустың өзі де айналады. Оның айналу бағыты пропеллердің қозғалысына қарама-қарсы. Дрон қозғалтқыштан, басқару блогынан және тепе-теңдікті сақтайтын қарсы салмақтан тұрады. Бұл шағын бөлшектердің барлығы сымнан жасалған тіректер арқылы біріктірілген. Конструкцияның негізгі ерекшелігі де осында. Дронның құрылымы барынша ашық болғандықтан, оның ар жағындағы фон анық көрінеді.
Phantom Twist секундына небәрі 25 рет айналады. Алайда бұл жылдамдықтың өзі адам көзінің жекелеген бөлшектерді ажыратып үлгермеуі үшін жеткілікті. Бақылаушының көзіне дрон анық нысан ретінде емес, фонмен араласып кететін бұлыңғыр дақ немесе әлсіз тұман тәрізді көрінеді. Зерттеушілердің мәліметінше, Phantom Twist кәдімгі дронға қарағанда он есе қиын байқалады.
Соған қарамастан құрылғының елеулі бір кемшілігі бар. Оның қозғалтқышынан шығатын өткір дыбыс дронның бар екенін бірден аңғартады. Ғалымдар алдағы уақытта дыбыссыз жұмыс істейтін шағын қозғалтқыштар жасалып, олардың Phantom Twist тәрізді құрылғылардың байқалмай ұшу мүмкіндігін одан әрі арттыратынына үміт артып отыр.
Дереккөз: Northwestern University
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












