Home Аналитика Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

4

Бүгінгі медиада Илон Масксыз күн өтпейді. Ғарышқа ұшу, Tesla, оқ өткізбейтін көлік, адам миына салынатын чиптер, жасанды зерде мен роботтар – бәрі-бәрі осы бір адамның есімімен байланысты. 2025 жылға қарай Масктың жеке байлығы шамамен 333 миллиард долларға жетті. Мұның басым бөлігін оның ғылыми-техникалық жаңалықтары әкелген.

Бір кездері Генри Форд та технология мен байлықтың белгісіне айналған тұлға еді. Ол өзінің атымен шыққан көлікті жасап қана қоймай, өнеркәсіпке таспалы өндіріс жүйесін енгізіп, өндірістегі нағыз төңкеріске жол ашты. Сол арқылы әлемдегі ең бай адамдардың біріне айналды. Форд өмірден озған сәтте, оның байлығы қазіргі есеппен 200 миллиард долларға жуықтаған екен.

Сонымен, Илон Маск осындай жетістікке қалай жетті? Оның табысты жолы қай тұстан бастау алды?

1971 – Әр тағдырдың өз бастау жолы бар

Илон Маск 1971 жылы кәсіпкер әке мен сән әлемінің жұлдызы болған ананың отбасында дүниеге келді. 10 жасында әкесі оған Commodore VIC-20 атты компьютер сыйлады. Дәл осы сәт – Илонның өмірін ғана емес, болашақтағы бүкіл әлемді өзгерткен алғашқы қадам еді.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

12 жасында ол сол компьютерде Blastar атты қарапайым ғана ойын әзірлеп, оны 500 долларға сатады. Бұл – Масктың алғашқы табысы, ал бұл табыстың артында талмай еңбектенген, жаңа нәрсені іздеуден жалықпайтын бала Илон тұр еді.

Илон Масктың өмір жолы – тіпті киногерлер түсірсе де, сену қиын хикая. Бәрі Канададан басталды. 17 жасында ел ауыстырған жас жігіт Кингстон қаласындағы Куинс университетіне оқуға түседі. Екі жылдан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, Пенсильвания университетінде білімін жалғастырды. Онда экономика мен физика мамандықтарын қатар игеріп, бакалавр дәрежесін иеленеді.

Сол жылы Илон Маск Стэнфорд университетінің докторантурасына қабылданады. Бағыты – қолданбалы физика мен материалтану. Алайда, бар болғаны екі күннен кейін оқуын тастап, кәсіпкерлікке біржола бет бұрады. Осы сәттен бастап оның өмірінде технология мен жаңашыл идеяларға толы үлкен сапар басталады.

1995 – Интернет бар, бірақ жол сілтер дерек жоқ

Илон Маск пен ағасы Кимбал негізін қалаған Zip2 — болашақ миллиардердің алғашқы технологиялық бастамасы. Бұл – қалалық анықтамалықтар мен карталарды біріктірген алғашқы онлайн-гид. Яғни, пайдаланушы сайтқа кіріп, өзі іздеген дүкен, қызмет немесе мекемені карта арқылы оңай таба алады. Жоба күтпеген жетістікке жетті. Кәсіпкерлер жарнамаларын интернетке орналастыруға асықты. Zip2-нің көмегімен компаниялар тұтынушыларымен тікелей байланыс орнатып, қызмет көрсету аясын кеңейте түсті. 1999 жылы бұл жүйені Compaq Computer сатып алды. Дәл осы мәміле Маскқа алғашқы ірі табысын алып келді.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

1999 – Ақша билік емес, мүмкіндік құралы

28 жасында Маск қаржылық қауіпсіздігін ойлап, интернет-банкингке бет бұрады. Ол X.com атты алғашқы онлайн-банк жобасын іске қосады. Кейін бұл жобаны Макс Левчин және Питер Тиль құрған Confinity компаниясымен біріктіреді. Осылайша, әлемге танымал PayPal жүйесінің негізі қаланды.

Маск PayPal-ды көпвалюталы, қауіпсіз әрі комиссиясыз төлем платформасына айналдырды. Әлемнің 200-ден астам еліне ашық бұл жүйе шағын онлайн-дүкендерге де тиімді болды. Жүйеден комиссия тек ірі сатушылардан ғана алынатын. 2002 жылы eBay корпорациясы PayPal-ды сатып алып, Маск бұл жобадан да ірі пайда тапты.

2002 – Арман аспанда, мүмкіндік шексіз

Илон Маск ешқашан Жермен ғана шектеліп қалғысы келген жоқ. 2002 жылы ол SpaceX атты ғарыш технологияларын зерттейтін жеке компания құрды. Бұл жоба тек Жер орбитасымен шектелмей, Қызыл ғаламшар – Марсқа дейін жетуді мақсат етті. Масктың бұл бастамасы алғашында көпшілікке қиял-ғажайып ертегі секілді көрінді. Алайда ол шын сеніммен іске кірісті – себебі адамзат болашағы Жермен ғана аяқталмауы керек деп сенді. Бұл кезде көпшілікке Масктың бастамасы ертегі секілді көрінгенімен, ол шын ниетпен жұмыс істей бастады – себебі оның мақсаты Жерде шектелмей, жаңа планеталарға ұмтылу еді.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

Илон Маск негізін қалаған инженерлік орталық NASA мен АҚШ Қорғаныс министрлігінен мемлекеттік жобалар мен ғарыштық зымырандарды жасау бойынша бірқатар ірі келісімшарт ұтып алды. SpaceX компаниясының ең танымал зымырандары қатарында – ғарышқа жүк жеткізетін Falcon 9, оның алғашқы нұсқасы Falcon 1 және аса ауыр жүк көтеруге арналған Falcon Heavy бар. Соңғысы 60 тоннадан астам жүктің ғарышқа шығуына мүмкіндік беріп, әлемдік рекорд орнатты. SpaceX-тің басты мақсаты – зымырандарды бір реттік емес, қайта пайдалануға жарамды етіп жасап, адамзаттың Марсқа жетуін қамтамасыз ету.

Осы зымырандардың арқасында компания ғарыштық тасымал шығындарын едәуір азайтты. Сонымен қатар, Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) алты мәрте жүк жеткізуге арналған миссияларды сәтті орындады. Тіпті экипаж мүшелерін стансаға жеткізетін ғарыш кемесін жасау үшін NASA-дан арнайы келісімшарт та алды.

Алайда Маск бұл жетістіктермен шектеліп қалмады. Ол және оның SpaceX компаниясы ғарыш туризмін дамытуға да белсене кірісті. 2024 жылдың қыркүйегінде америкалық миллиардер Джаред Айзекман мен аэроғарыш инженері Сара Гиллис ашық ғарышқа шыққан алғашқы жеке астронавтар атанды. Polaris Dawn деп аталған бұл бес күндік миссия аясында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, скафандрлардың төзімділігі сыналып, Dragon кемесінің Starlink спутниктерімен байланыс жүйесі тексерілді. Starlink жүйесіне кеңірек келесі бөлімде тоқталамыз.

Ең табысты адамның да жолында қиындықтар кездеседі. 2006 жылдан 2025 жылға дейін SpaceX зымырандары тоғыз рет апатқа ұшырады. Falcon 1 бірнеше мәрте ұшу сәтінде-ақ жарылып кетті, ал Falcon 9 кейде ұшқаннан кейін 3–5 минуттан соң істен шығатын. Апат себептері әртүрлі: бірде қозғалтқыш шамадан тыс жүктемеге шыдамаса, енді бірде металл тақташа үзіліп кетіп, зымыранның жоғарғы бөлігі толық ажырамаған сәттер де болды. Қателік – үйренудің бір жолы.

Илон Маск ғарышты бағындыру арманынан әлі бас тартқан жоқ. Оның ойындағысы — адамды Жер мен аспанның арасын жол қылу, яғни ғарышқа сапарды күнделікті тірлікке айналдыру. Осы мақсатпен ол ауыр салмақты Starship зымыранын жасауға бар күшін салып отыр. Бұл зымыран болашақта Жер орбитасына, Халықаралық ғарыш станциясына, тіпті Марсқа адам жеткізуі тиіс. Маск үшін Марсқа ұшу — жеке амбиция ғана емес, адамзаттың алдағы тағдырына бағытталған үлкен қадам.

2025 жылы бірнеше мәрте сынақтық ұшыру өткізілді. Алайда бәрі бір сценариймен аяқталды: зымыран көкке көтеріліп, көп ұзамай «жоспардан тыс бөлшектеніп» кетті. Мұндай сәтсіздіктерден кейін Маск тіпті «бәлкім, бөгдеғаламшарлықтар кедергі келтіріп жатқан болар» деп әзілдейді. Бірақ ол кері шегінбейді. Қанша қаржы мен еңбек жұмсалса да, зымыран қайта құрастырылып, қайтадан ұшырылады. Келесі — тоғызыншы сынақтық ұшу 2025 жылдың 19 мамырына жоспарланған. Үміт әлі үзілген жоқ.

2004 – Электр болмаса, теледидарды қараңғыда көрер едік

Ғарыш әлеміндегі ізденістерден кейін Маск енді жердегі мәселелерге назар аударады. 2004 жылы ол Tesla Motors компаниясына инвестиция құйып, директорлар кеңесінің төрағасы атанды. Ал 2008 жылдан бастап атқарушы директор қызметін өз қолына алды. Осылайша ол электр көліктері нарығына жол ашып, экологиялық көлік жасауда жаңа дәуірді бастап берді.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

Араға төрт жыл салып, көлік нарығында көпшілікке беймәлім, бірақ тарих қойнауынан қайта оралған «электромобиль» сөзі жиі айтыла бастады. Бензин мен дизельге үйреніп қалған жұрт үшін бұл – тосын естілетін ұғым еді. Дәл осы тұста Масктың инженерлік ойының шынайы жемісі – Tesla Model S алғаш рет көпшілікке таныстырылды. Бұл көлікке беделді Consumer Reports ұйымы жоғары баға беріп, нарыққа нық қадам басуына жол ашты.

Ал 2020 жылы Tesla компаниясы көлік жасаушы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең қымбат автоөндіруші атанды. Оның нарықтағы құны 1 триллион доллардан асып түсті. Яғни Маск «дөңгелектегі батареямен» бүкіл индустрияға бағыт сілтеді.

Осы жетістіктермен қатар ол қуат көзін сақтайтын Tesla Storage Systems жүйесін де іске қосты. Бұл – күн мен желден өндірілген энергияны жинап, оны кейін қажет сәтте пайдалана алатын шешім. Мысалы, Powerpack құрылғысы — күннің нұры мен желдің күшін «қалтаға» салып, керек кезінде тұтынушыға ұсынып отыратын ақылды жүйе.

2006 — Күннің нұры бәріне бірдей, бірақ оны кім қалай пайдаланады?

Күннің шапағатын электрге айналдырып, оны тиімді пайдалануға болатынын дәлелдеген екінші ірі компания да — Илон Масктың бастамасымен өмірге келген. Дегенмен, әділдік үшін айтар болсақ, бұл жобаның іргесін қалауға оның немере туыстары да атсалысқан. Маск күн панелін ойлап таппағанымен, оны бұрынғыдан әлдеқайда арзан әрі қолжетімді етіп, күнделікті өмірге енгізудің жолын көрсетті. Осылайша SolarCity атты жаңа компания құрылып, күн көзінен қуат өндіру ісі күрделі ғылымнан қарапайым тұрмысқа бір қадам жақындай түсті. Масктың арқасында бұл жүйе тек үйлердің шатырында емес, тұтас қалалардың энергиясын қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

SolarCity компаниясы Калифорния мен АҚШ-тың тағы 14 штатында күн сәулесін сіңіретін панельдерді орнатып, баламалы энергияны қолжетімді етуге күш салды. Алайда, үміт пен есеп бір жерден шықпады – кірістен гөрі шығыс басым түсті. Нәтижесінде, бұл жобаны қаржылай қолдамаған акционерлер компанияны сатып алды. Сол кезде олардың қатарында Илон Маск та бар еді. Осылайша, өнертапқыштың бір жобасы екіншісін шығыннан құтқарып қалды деуге болады.

Дегенмен SolarCity атауы сақталып қалды. Бүгінде компания өзін Tesla-ның серіктесі ретінде таныстырып, күн панельдерін өндіру және орнату ісін жалғастырып келеді. Ең жақын болашақтағы жоспары – Сан-Франциско мен Лос-Анджелесті жалғайтын 101-автожол бойында электромобиль иелері үшін тегін қуаттау бекеттерін орнату. Сондай-ақ, компания қуатты сақтай алатын жоғары технологиялы жүйелерді жасауды көздеп отыр. Осы жүйенің көмегімен пайдаланушылар теледидар көріп, телефон қуаттап, тіпті тамақ әзірлеп те үлгереді – бәрі бір күн бойы жиналған электр қуаты есебінен, түнгі уақытта да үзілмей жұмыс істеуі тиіс.

Миға сыймайтын жаңалықтармен қатар, ХХІ ғасырда жасанды интеллект тақырыбы да адамзаттың негізгі назарына ілікті. Зияткерлік машиналар – бүгінгі заманның басты зерттеу нысанына айналды. Мұндай ауқымды бағыттан Илон Маск та шет қалмады.

2010 жылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан ЖИ

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

2010 жылы ол жасанды интеллектіні дамытумен қатар, әлемдік цифрлық нарықты талдаумен айналысатын компания құрды. Бұл – DeepMind болатын. Нейрожүйе, әсіресе, компьютерлік ойындарда аса жоғары нәтиже көрсетті – оның шеберлігі ең тәжірибелі ойыншылардан да асып түсті. Алайда Илон Маск жасанды интеллекттің шамадан тыс дамуы адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, бұл компанияны сатуға шешім қабылдады. Қорқыныш па, әлде Google ұсынған мол қаржы ма – кім білсін, бірақ DeepMind енді интернет алыбының меншігіне өтті.

«Біз нейрожүйелердің тым ақылды болып кетуіне жол бере алмаймыз. Бұл – ядролық энергияны бақылауда ұстауға ұқсайды», – деген болатын Маск сол кезде.

Арада бес жыл өткен соң, яғни 2015 жылы цифрлық әлемде жаңа ойыншы пайда болды – OpenAI. Көпшілік оны жасанды интеллект деп қабылдағанымен, шын мәнінде бұл – заманауи нейрожүйелерді дамытатын зерттеу ұйымы. ChatGPT, DALL·E сынды зияткерлік құралдардың артында тұрған – дәл осы OpenAI. Бүгінде бұл жүйелер сіздің жеке көмекшіңізге айналды: олар кеңес береді, мәтін өңдейді, сұраққа жауап береді, тіпті сіздің көңіліңізді аулап, шығармашылыққа шабыт сыйлай алады. Ал мұның барлығы – Илон Масктың бастамасымен қолға алынып, үнемі жаңарып, дамып келе жатқан технологиялық әлемнің жемісі.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

2013 – Жол үстінде емес, ауада жүйткіген болашақ

Кешегі күні қиял болып көрінген идеяны Илон Маск 2013 жылы нақты жобаға айналдырды. Ол вакуумды тоннель арқылы қозғалып, магниттік левитацияның күшімен сағатына 1000 шақырымға жуық жылдамдықпен жүйткійтін Hyperloop көлігін ұсынды. Бұл – шусыз, кептеліссіз, экологиялық жағынан таза әрі болашақтың көлігі болуға лайық жоба еді. 2016 жылы алғашқы сынақтар сәтті өтіп, жылдамдығы 168 км/сағ-қа жетті. Келесі жылы Невада штатында алғашқы сынақ құбыры салынып, капсула 310 км/сағ жылдамдыққа қол жеткізді.

Техникалық директор Джош Гигель мен клиенттермен жұмыс жөніндегі директор Сара Лучиан капсулаға мінген алғашқы жолаушылар болды. Алайда үлкен үміт артылған Hyperloop жобасы қаржылай қиындықтарға тап болып, 2023 жылы ресми түрде тоқтатылды. Сөйтіп, адамзаттың жаңа көлік дәуіріне қадам басуы кейінге қалды.

2015 – Интернетсіз өмір жоқ

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

Илон Маск жер мен көкті ғана емес, ғаламтор әлемін де бағындыруды көздеді. 2015 жылы ол SpaceX аясында Starlink жобасын іске қосты. Бұл – Жер орбитасына жақын орналасқан мыңдаған шағын спутник арқылы әлемнің кез келген нүктесіне, тіпті шөл мен тауға дейін интернет жеткізуді мақсат еткен бастама. Жүйе шалғай ауылдарға да жоғары жылдамдықты желі тартуға мүмкіндік береді.

Масктың ойынша, бұл – тек технологиялық серпіліс емес, білім мен ақпаратқа тең қолжетімділіктің жолы. Starlink арқылы тіпті дамушы елдер де цифрлық өркениеттің толық мүшесіне айнала алады.

2016 – Жаңа заманның ғаламторы: жер шарының кез келген нүктесіне қосылу енді арман емес

2016 жылы орбитаға алғашқы сынақтық спутниктер – Tintin A және Tintin B ұшырылды. Бұл құрылғылар сәтті тексерістен өтіп, SpaceX-тің келесі қадамдарына жол ашты. Арада үш жыл өткенде, 2019 жылы Falcon 9 зымыраны ғарышқа көтеріліп, бірден 60 жұмыс істейтін Starlink спутнигін орбитаға жеткізді. Бұл көп көрінуі мүмкін, бірақ Маск үшін бұл – тек бастамасы еді.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

Кейінірек ол бүкіл әлемді тұрақты интернетпен қамту үшін 42 мың спутник ұшыру жоспарын жариялады. Бұл – тек жылдам интернет емес, бүкіл Жер шарына жететін байланыс. Өткен жылдың қыркүйегіне қарай Starlink қызметін 4 миллионнан астам адам пайдаланған. Ал Маск болса, әлі тоқтаған жоқ…

2016 – «Робот» деп кімді айтамыз? Темір мен сымнан жасалған тіршілік иесін бе, әлде жаңа мүшеге ие болған адамды ма?

Бір кездері тек фантастикалық фильмдерде кездесетін нәрселер – бүгінгі шынайы өмірге еніп жатыр. Нейроимпланттар, биопротездер, нейрондарды байланыстыратын чиптер – бұлар енді зертханадағы тәжірибе емес, нақты жобалар.

2016 жылы Маск адам миын компьютермен тікелей байланыстыру идеясын ұсынып, Neuralink компаниясын құрды. Бұл технология адамның ойы мен машина арасындағы кедергіні жоюды мақсат етеді. Масктың арманы – миды «қосымша құрылғыға» айналдыру. Ол жасаған «нейрожіп» арқылы адамның ойы арқылы құрылғыларды басқаруға мүмкіндік туады. Жүйке жүйесін зерттеу ғана емес, оны толықтыру да – осы жобаның өзегі.

Илон Маск кім? Миллиардер ме? Ғалым ба? Әлде фантастикалық болашақты шындыққа айналдырып жүрген адам ба?

Қалай десек те, ол – әлемді өзгертуді көздеген тұлға. Космосты бағындырды, көлікке жан бітірді, енді адамның миын технологиямен біріктіріп жатыр.

Миллиардер, өнертапқыш, еркін ойлы тұлға:Илон Маск қандай жаңалықтарымен танымал?

Маск нейроинтерфейс туралы алғаш рет 2016 жылдың жазында Vox Media конференциясында сөз қозғады. Арада үш жыл өткен соң Neuralink екі жыл бойы атқарған жұмыс нәтижесін таныстырып, жаңа технологияның алғашқы қадамдарын жария етті.

Бастапқы кезеңде бұл жоба жануарларға жүргізілген тәжірибелермен шектелді. Кейін компания адам миына имплант орнатуға рұқсат сұрағанымен, қауіпсіздікке байланысты алғашқы өтініш кері қайтарылды. Алайда жүйе жетілдірілген соң, клиникалық сынақтар жасауға ресми рұқсат берілді. 2024 жылдың 28 қаңтарында тарихта алғаш рет Neuralink параличке шалдыққан студент Нолан Арбоның миына чип орнатты. Алты айдан кейін екінші пациент – Алекс есімді азамат та дәл осындай чипке ие болды.

Компания тек мұнымен шектелмеді. Көру қабілетінен айырылған жандарға арналған Blindsight деп аталатын көз импланты жасалып жатыр. Тіпті туа біткен зағип жандарға көмектесе алады деген үміт бар. Бірақ бір ғана шарт – адамның көру қыртысы зақымданбаған болуы тиіс. Ал Маск әлі де ми имплантының жетілдірілген нұсқасын жасауға кіріскен жоқ… Әзірге.

Neuralink жобасы бүгінде ми арқылы компьютерді басқаруға мүмкіндік беретін нейроинтерфейс жасап жатыр. Сынақ қатысушыларының қозғалысқа жауап беретін ми бөлігіне N1 Implant деп аталатын шағын чип орнатылады. Ол нейрондардан шыққан белгілерді оқып, мобильді қосымшаға жіберіп отырады. Ғажайып естілгенімен, компания бұл технологияны алдағы уақытта баршаға қолжетімді етуге уәде беріп отыр.

Жалғасын күтіңіз…