Home Техника Автокөліктер Көлік иесіне келеңсіз жағдайлар жайлы хабар берудің жаңа жолы пайда болды

Көлік иесіне келеңсіз жағдайлар жайлы хабар берудің жаңа жолы пайда болды

33

Қазақстандық жүргізушілер енді жол үстінде кездескен көлікке қатысты мәселені оның иесіне тікелей хабарлай алады. Мұндай мүмкіндік eGov Mobile қосымшасында іске қосылды. Жаңа қызметті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеп, қолданысқа енгізді.

Қызмет арқылы көлік терезесінің ашық тұрғаны, автокөліктің дұрыс қойылмағаны немесе жол қозғалысына кедергі келтіргені секілді жайттар туралы хабар жіберуге болады. Ол үшін көліктің мемлекеттік нөмірін енгізіп, жағдайды қысқаша сипаттау жеткілікті. Жүйе деректерді Ішкі істер министрлігінің базасы арқылы өңдеп, көлік иесіне хабарлама жібереді.

Егер жүргізушінің құрылғысында push-хабарламалар қосулы болса, ескерту бірден экранда пайда болады. Бұл қызмет түрі қосылмаған болса, жіберілген хабарламаны қосымшаның “Хабарламалар” бөлімінен табуға болады.

Қызметті пайдалану үшін не істеу керек?

1. eGov Mobile қосымшасына кіру;

Көлік иесіне келеңсіз жағдайлар жайлы хабар берудің жаңа жолы пайда болды

2.”Танымал қызметтер” бөлімін ашу;

3. “Көлік иесін хабардар ету” қызметін таңдау;

Көлік иесіне келеңсіз жағдайлар жайлы хабар берудің жаңа жолы пайда болды

4. Көлік нөмірін енгізіп, мәселені қысқаша сипаттау қажет.

Көлік иесіне келеңсіз жағдайлар жайлы хабар берудің жаңа жолы пайда болды

Айта кетейік, бұл қызмет тек жеке меншік көліктерге қолданылады. Мемлекеттік тіркеу нөмірінде екі әріптен тұратын код бар қызметтік көліктер жүйеге енбейді. Сонымен қатар, бір қолданушы екі сағат ішінде тек бес рет хабар жібере алады.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл бастама жүргізушілер арасындағы өзара құрмет пен жауапкершілікті арттырып, жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.