Қазақстан жер қойнауын барлау мен игеру саласында заманауи цифрлық экожүйе құру жолында қарқынды қадамдар жасап келеді. Бұл бастама геологияны басқару ісін халықаралық стандарттарға сай етуге бағытталған.
Бүгінде елімізде бастапқы геологиялық ақпаратты цифрлық форматқа көшіру бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Мұндай жұмыс пайдалы қазбаларды тиімді игеруге, шынайы деректерге сүйенген талдауға және инвестиция тартуға жол ашады.
Цифрландыру жұмысы стратегиялық маңызға ие. Өйткені геологиялық ақпараттың электронды түрде жинақталуы деректердің қолжетімділігін арттырып, ашықтықты қамтамасыз етеді әрі жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 1 905 976 бірлік геологиялық дерек цифрлық форматқа көшірілген. Бұған қағаз құжаттар, графикалық материалдар, магниттік таспалар мен картридждер кіреді. Бұл — цифрландыру көлемінің 42 пайызы, яғни былтырғы көрсеткіштен екі есе артық.
2023–2024 жылдары жалпы 2,7 миллионнан астам геологиялық ақпарат цифрланды. Оның ішінде:
2,47 миллионнан астам — қағаз және графикалық тасымалдаушылар,
75 мыңнан астам — магниттік таспа,
50 мың — картридж.
2025 жылы тағы 1,2 миллионға жуық бірлікті цифрландыру жоспарланып отыр. Осылайша цифрлық деректер қоры жалпы көлемнің 86 пайызына жетпек