SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Украинаға Starlink байланысын шектеу жоспарын жоққа шығарғанымен, Киев пен Еуропа бұл жүйеге балама іздеуді жалғастыруда. Қазір Eutelsat компаниясы, яғни OneWeb спутниктік интернет жүйесінің иесі, Украина үшін жаңа байланыс шешімдерін ұсынуы мүмкін.
Француздық Eutelsat компаниясы Украинаға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Егер Starlink қызметі тоқтатылса, олар қосымша спутниктік терминалдарды жедел орналастыруға дайын.
“Біз Еуропалық ұйымдармен және іскерлік серіктестермен бірлесіп, маңызды инфрақұрылым үшін қосымша байланыс жүйелерін жылдам орнатуға тырысудамыз”, – деп хабарлады компания (Reuters дерегіне сүйенсек).
Еуропалық комиссия өкілі Financial Times басылымына берген сұхбатында Украина үшін Starlink-тің баламалары зерттеліп жатқанын растады.
The Economist басылымы украиналық шенеунікке сілтеме жасай отырып, Киевтің Starlink-ке тәуелділікті азайту үшін резервтік интернет желісін әзірлеп жатқанын хабарлады. Бұған Ресейдің Курск облысына жасалған шабуыл кезінде украиналық әскерилердің байланысқа қатысты қиындықтарға тап болуы себеп болған. Себебі бұл аймақта Starlink ресми түрде жұмыс істемейді. Олардың уақытша шешімі – мобильді технологиялар мен дрон-ретрансляторларды қолдану болған.
“Бізде бірнеше күнде іске қосуға болатын нұсқа бар, ал толыққанды шешім үш ай ішінде әзірленуі мүмкін”, – деді басылымға сұхбат берген шенеунік. Алайда ол басқа байланыс жүйелеріне көшу оңай болмайтынын атап өтті. Өйткені балама технологиялар ресейлік радиоэлектрондық күрес құралдарының әсеріне әлдеқайда осал.
Басылымның мәліметінше, Украинадағы Starlink байланысын қаржыландырып отырған Польша, бірақ жүйенің түпкілікті бақылауы АҚШ-тың қолында.