Home Ойын-сауық Киберспорт Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

23

Астанада киберспорттың отандық майталмандары бас қосқан ауқымды турнир өтті. Екі күн бойы өткен Қазақстан кубогында еліміздің ең мықты геймерлері өзара бақ сынасып, 7 миллион теңге көлеміндегі жүлде қорын бөліске салды.

Сайыс алты түрлі бағытта ұйымдастырылды. Олардың қатарында Counter-Strike 2 мен Dota 2 секілді танымал ойындардан бастап, Mortal Kombat 1, Mobile Legends: Bang Bang, EAFC 24 және EFOOTBALL 24 сияқты тартысқа толы платформалар бар. Әр ойын — қатысушылар үшін өз алдына сынақ, көрермен үшін қызыққа толы шоуға айналды.

Киберспорт Кубогы – еліміздегі ресми спорттық чемпионаттармен теңестірілген маңызды дода. Бұған дейін турнир жыл бойы маусымдарға бөлініп, қысқы, көктемгі, жазғы және күзгі кезеңдерде өтетін. Ал биылдан бастап жарыс форматы өзгеріп, енді екі кезеңмен, яғни көктем мен күзде ұйымдастырылады.

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

Кубоктың іріктеу кезеңдері сәуір айында өтті. Мамырдың басында үш бағыт (ML:LB, EAFC 24, EFOOTBALL 24) бойынша онлайн финалдар ұйымдастырылды.

EFOOTBALL 24 ойынында жеңіс тұғырынан abdulkin01 көрінсе, EA FC бойынша үздік — ZhasikFifa09 атанды. Ал ML:LB кибердисциплинасында Bumblebees командасы қарсыластарынан оза шауып, чемпион атанды.

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

Ал 12 мамырда Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өткен офлайн финал аясында қалған үш бағыт бойынша үздіктер анықталды:

Counter-Strike 2 — AI мен Lewandownskie,

Dota 2 — NA RAHATE мен Hushh fidany,

Mortal Kombat 1 — lemerrtt пен miko004.

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

Қазақстан киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев жаңа чемпиондарды құттықтап, олардың ел ішіндегі киберспорт индустриясын дамытуға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

«Жыл өткен сайын елімізде жаңа таланттар пайда болып, олар шетелдік аренада ел намысын абыроймен қорғауға дайын екенін көрсетуде. Біз өз кезегімізде киберспортты дамыту, турнирлер ұйымдастыру және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жалғастыра береміз. Себебі ойыншыларға өз елінде лайықты мотивация мен мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз», – деді Есекеев.

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

LAN-финалдың хедлайнері ретінде танымал киберспортшы Берден Q.BRO Сарин арнайы шақырылып, шараға көрік қосты. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты қаржылай сыйақыға ие болды.

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

Киберспорт турнирінің жүлде қоры биыл да қомақты болды. Ең ірі сыйақы COUNTER STRIKE 2, ML:LB және DOTA 2 тәрізді танымал дисциплиналарға тиесілі. Бұл бағыттарда үздік атанған ойыншылар 1 миллион 750 мың теңгені өзара бөліседі.

Елордада киберспорттың үздіктері анықталды

Ал файтинг жанрының жанкүйерлері үшін де қызықты жаңалық бар: MORTAL KOMBAT 1 және EAFC 24 дисциплиналарында топ жарған үш команда 600 мың теңгеден жүлде алады.

Футбол бағытындағы тағы бір танымал ойын – EFOOTBALL 24 бойынша жүлде қоры 550 мың теңгені құрады.