Home Кәсіби маман Цифрлық үкімет жаңартылуда: eGov қызметтері жаңа деңгейге көтеріледі

Цифрлық үкімет жаңартылуда: eGov қызметтері жаңа деңгейге көтеріледі

14

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025 жылғы 1 сәуірде Үкімет отырысында eGov порталы жаңартылып жатқанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, платформадағы мәселелерді анықтап, оны жақсарту жолдарын табу үшін арнайы талдау жүргізілген.

«Электронды үкімет порталы 2013 жылғы технологиялар негізінде жұмыс істейді және қазіргі таңда мүмкіндігінің шегіне жетіп отыр. Жүйені жаңарту қиын, жаңа қызметтерді іске қосуға мүмкіндік аз, инфрақұрылымға жүктеме артты. Кейбір қызметтердің қолжетімсіздігі тіркелді», — деді Жаслан Мәдиев.

Бұл мәселені шешу үшін порталдың технологиялық құрылымы толықтай жаңартылуда. Қазіргі таңда eGov платформасының негізгі жүйесі жаңартылып, мемлекеттік қызметтерді біріктіру үдерісі оңтайландырылды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект негізіндегі виртуалды көмекші әзірленіп, 2000 қолданушыдан тұратын фокус-топта сынақтан өтуде.

«Қызметтерді бірнеше рет басу арқылы алу мүмкіндігіне көшетін жаңа форматты енгіземіз. Бұл үшін барлық қызметтер қайта құрылып, пайдаланушыға ыңғайлы түрде ұсынылатын болады»,- деп жауап берді министр.

Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыстары eGov порталын анағұрлым тұрақты, жылдам әрі қолжетімді етуі тиіс.