Home Кәсіби маман Елімізде медициналық ЖИ технологияларын кезең-кезеңімен енгізу тәртібі айқындалды

Елімізде медициналық ЖИ технологияларын кезең-кезеңімен енгізу тәртібі айқындалды

18

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдана отырып медициналық қызметтер көрсету тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық акт әзірледі.

Аталған құжат денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің ашық, қауіпсіз және ғылыми негізделген моделін қалыптастыруға бағытталған. Оның негізгі өзегі — шешімдердің клиникалық әрі экономикалық тиімділігін міндетті түрде бағалау талабы, бұл олардың тәжірибелік маңызын және ауқымды деңгейде енгізілген кездегі тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Тәртіп жасанды интеллект жүйелерін енгізу мен қолданудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді. Ол клиникалық шешімдерді де, соның ішінде медициналық бұйымдар санатына жататын бағдарламалық қамтамасыз етуді де, сондай-ақ басқару және әкімшілік процестерде қолданылатын клиникалық емес құралдарды да қамтиды.

Алғаш рет салалық деңгейде жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізудің нақты алгоритмі айқындалды. Ол өтінім беруден бастап технологиялық дайындықты бағалауға, пилоттық сынақтан өткізуге, қажет болған жағдайда тіркеу рәсімдерінен өтуге, сенімді шешімдер тізіміне енгізуге және кейіннен ауқымды енгізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Құжатта шешімдердің тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты дәлелді базаны қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Биомедициналық-этикалық сараптама, клиникалық валидация және денсаулық сақтау технологияларын бағалау тетіктері қарастырылған. Пилоттық жобалар аясында негізгі тиімділік көрсеткіштері — алгоритмдердің дәлдігі мен сезімталдығы, олардың клиникалық шешімдерге ықпалы және медициналық персоналға түсетін жүктеме — жан-жақты бағаланатын болады.

Сонымен қатар жасанды интеллекттің сенімді жүйелерінің тізбесін қалыптастыру, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты тіркеуден кейінгі мониторинг жүйесін енгізу жеке блок ретінде реттеледі.

Жоба ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауға қойылатын талаптарды күшейтуді де көздейді. Сондай-ақ үдеріске қатысатын барлық тараптардың, яғни әзірлеушілерден бастап медициналық ұйымдар мен осы шешімдерді пайдаланушыларға дейінгі аралықтағы әрбір субъектінің жауапкершілігі нақты айқындалады.

Денсаулық сақтау министрлігінде бұл бұйрықтың бекітілуі теңгерімді реттеушілік орта қалыптастыруға, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі бақылаулы түрде енгізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтеді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.