Home Сараптама Қазақстанда электрондық дауыс беру енгізу мәселесі кейінге қалдырылды

Қазақстанда электрондық дауыс беру енгізу мәселесі кейінге қалдырылды

21

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов Қазақстанда электрондық дауыс беру жүйесінің не себепті әлі күнге дейін енгізілмегенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл мәселе қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған жоқ. Негізгі себеп ретінде ол киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігін атады.

«Бұл тақырып өте өзекті. Әрбір сайлаушының дауысы ол таңдағандай дәл есептелуі үшін оны толық қорғау қажет, өйткені сырттан араласу қаупі бар. Бұл – алаңдататын жайт. Сондықтан біз бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз», – деді Ш. Өтемісов.

Оның айтуынша, сайлау аралық кезеңнің өзінде Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтына аптасына орта есеппен сегіз ретке дейін кибершабуыл жасалады. Ал сайлау науқаны кезінде мұндай шабуылдардың саны айтарлықтай көбейетіні байқалады.

«Біз шетелдік тәжірибені де зерттеп жатырмыз. Мәселен, Ресейде сайлау қарсаңында 1,5 миллионға дейін DDoS-шабуыл тіркеледі. Мұндай жағдайда жүйені қорғай алатын тиісті техникалық жабдықтар болуы қажет», – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Сонымен қатар ол электрондық сайлау жүйесін енгізу дәстүрлі дауыс беруге қарағанда едәуір қымбатқа түсетінін де атап өтті.

Дегенмен Ш. Өтемісов Қазақстан электрондық дауыс беру идеясынан бас тартпайтынын, алайда оны жүзеге асыруда асығыстық танытпайтынын баса айтты.

«Түптеп келгенде, бұл норма Парламентте қабылданады. Орталық сайлау комиссиясы заң шығару бастамасының субъектісі болып табылмайды», – деп түйіндеді Ш. Өтемісов.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.