Қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері еліміздің әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді.
2024 жылы Қазақстан беделді халықаралық білім сайыстарының бірі – 35-ші Халықаралық биология олимпиадасын қабылдағаны да кездейсоқ емес. Бұл жарысқа 81 елден 305 оқушы және 275 ғалым қатысып, қазақстандық құрама үздік нәтиже көрсетті – барлық оқушылар жүлдемен оралды.
Қазіргі таңда дарынды балалармен жұмысты цифрландыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мәселен, SMART DARYN ұлттық цифрлық платформасы әзірленуде. Бұл жоба мектептер, мұғалімдер мен оқушылар арасында тиімді байланыс орнатуға, білім беру ресурстарына тікелей қол жеткізуге және оқу процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, DARYN ALUMNI қазақстандық жаттықтырушылар пулы дамытылып, дарынды оқушылармен жұмыс істейтін жоғары білікті мамандарды тарту көзделіп отыр. Халықаралық олимпиадаларда табысты нәтиже көрсеткен мектептердің тәжірибесін таратуға бағытталған қауымдастықтар құрылуда.
2025 жылдың басында Алматыда Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. 15 елден 700-ден астам қатысушы жиналған бұл зияткерлік жарыс Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылысын және әлемдік деңгейдегі орнын нығайту жолындағы мақсаттарын айқындай түсті.