Home Кәсіби маман Цифрлық теңге – қауіпсіз әрі ашық төлем жүйесінің іргетасы

Цифрлық теңге – қауіпсіз әрі ашық төлем жүйесінің іргетасы

5

Цифрлық теңге интернетке қосылу мүмкіндігі болмаған жағдайда да тауар мен қызметті қолма-қол ақшасыз төлеуге мүмкіндік береді. Яғни, сатып алушы да, сатушы да желіге қосылмаған жағдайда төлем жасауға қабілетті болады. Бұл технология офлайн төлемдер тізбегін қамтамасыз етіп, цифрлық теңгені офлайн режимде қабылдаған азамат оны үшінші тарапқа да дәл солай интернетсіз жолдай алады. Айта кетейік, он бес транзакцияға дейінгі осындай тізбек табысты сынақтан өткен.

Цифрлық теңгені бағдарламалау мүмкіндіктері – мемлекет қаражатын тиімді әрі ашық жұмсауға арналған маңызды құрал болмақ. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат цифрлық теңге түрінде мақсатты жұмсауға белгіленіп беріледі, ал нақты мақсатқа жұмсалған соң ол белгі автоматты түрде жойылады. Бұл бір жағынан қоғам мен тиісті мемлекеттік органдарға бюджет шығынын бақылауға жол ашса, екінші жағынан азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар цифрлық теңге платформасы мемлекеттен халыққа берілетін түрлі әлеуметтік төлемдерді жеткізуді де жеңілдетеді. Бұл ретте делдалдардың санын азайтуға мүмкіндік беретін смарт-келісімшарттар арқылы төлемдер автоматты түрде жүзеге асады. Қазіргі таңда мемлекеттік көмектің басым бөлігі тікелей азаматқа емес, қызмет көрсетуші тарапқа субсидия ретінде аударылады. Яғни, мемлекет тарапынан төлем қызмет жеткізушіге, нақты көрсетілген қызмет туралы есептің негізінде төленеді.

Цифрлық теңге негізіндегі смарт-келісімшарттар жеке тұлғаны тану, есеп жүргізу және төлем операцияларын қадағалау сынды күрделі үдерістерді бір жүйеге біріктіре алады. Бұл технологияны өмірде қолдану осы жылы-ақ басталуы мүмкін.

Цифрлық теңге – қауіпсіз әрі ашық төлем жүйесінің іргетасы

Айтпақшы, бұл технология нарық ойыншыларына жаңа қаржылық қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, цифрлық теңге негізінде жасалатын ақылды келісімшарт арқылы жүзеге асатын қауіпсіз мәміле тауар немесе қызмет нақты жеткізілгеннен кейін ғана төлем жүргізіледі. Бұл сатып алушыны алаяқтықтан қорғап, сатушыға да келісімнің орындалатынына кепіл бола алады. Қазір мұндай қызмет түрлері арнайы “технологиялық құмсалғышта” сынақтан өтуде.

Тағы бір мысал – цифрлық қаржы активтері айналымын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз орта құруда цифрлық теңгені қолдану. Бұл шешім жеке тұлғалардың қаржысын қорғауға сеп болады. Қазіргі уақытта цифрлық теңгемен қамтамасыз етілген стейблкойндарды шығару мүмкіндігі сынақтан өтіп жатыр. Сонымен бірге, цифрлық теңге цифрлық активтер индустриясындағы есеп айырысу үдерістерін жылдамдатып, олардың қауіпсіздігін күшейтуге жол ашады. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан пилоттық жобалардың алғашқы нәтижелері жақында жарияланады.

Цифрлық теңге – қауіпсіз әрі ашық төлем жүйесінің іргетасы

Азаматтардың жеке қаражаты мен жеке операцияларының құпиялылығы заңмен қорғалған. Мемлекет цифрлық теңгенің таңбаланбаған түрін және азаматтардың дербес қаражатын қадағалай алмайды. Ал таңбалау тек бюджет ұйымдарының қаражатына ғана қатысты. Қазіргі уақытта бұл тетік мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталуда.

Бүгінде әлем бойынша 90-нан астам мемлекет орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу мәселесін зерттеп жатыр. Ал Қытай, БАӘ сынды шамамен 30 ел пилоттық кезеңге көшкен. Банкаралық есеп айырысу банкі мен SWIFT цифрлық валюталармен шекарааралық төлемдерге арналған арнайы платформаларды іске қосуда. Осы бағытта Қазақстанның «Цифрлық теңге» жобасы – алдыңғы қатарлы бастамалардың бірі ретінде саналады. Бұл жоба SWIFT және Гонконгтың Валюта басқармасымен тығыз әріптестікте жүзеге асырылып жатыр.

Ауқымды жоба болғандықтан, цифрлық теңге елімізде кезең-кезеңімен, үш сатыда енгізіледі. Бұл процестің соңғы кезеңі 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал алғашқы кезеңі биылғы қараша айында екінші деңгейлі банктер мен басқа да серіктестердің қатысуымен іске қосылады.

Сонымен бірге Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп мектептегі тамақтануға арналған “цифрлық ваучерлер” пилоттық жобасы іске қосылады. Смарт-келісімшарттарға негізделген бұл бастама арқылы ата-аналар өз балаларының мектепте қалай және қашан тамақтанатынын бақылап отыра алады.

Бұл тек ата-аналарға емес, асхана операторларына да жеңілдік беріп, есеп беру жүктемесін азайтып, мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етпек.

Цифрлық теңге – қауіпсіз әрі ашық төлем жүйесінің іргетасы

Сондай-ақ халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп цифрлық теңге шотына байланыстырылған карталар әзірленіп жатыр. Бұл карталар арқылы азаматтар күнделікті төлем жасап, қолма-қол ақша шешіп, түрлі операцияларды дәл қазіргідей ыңғайлы форматта жүзеге асыра алады.

Алдағы уақытта офлайн төлемдер, цифрлық активтермен өзара іс-қимыл және смарт-келісімшарттар арқылы жаңа сервистерді кең көлемде енгізуге қатысты технологиялық зерттеулердің қорытындысы шығарылады. Барлық нәтижелер 2023 жылдың желтоқсанында жоба бойынша дайындалатын қорытынды есепте жарияланады.