Кез келген әлеуметтік платформаның негізгі стратегиялық мақсаты — пайдаланушы зейінін барынша ұзақ уақыт бойы шоғырландырып ұстау. Осыған байланысты желілік алгоритмдер адамның эмоционалдық-психологиялық деңгейіне тікелей әсер ететін контентті, атап айтқанда, үрей, ашу-ыза немесе шектен тыс қуаныш сезімдерін тудыратын жазбаларды мақсатты түрде іріктейді. Мұндай виртуалды мазмұнды ғаламтор жүйесі тұтынушыға үздіксіз ұсынып отырады. Дегенмен, медиаплатформалардың коммерциялық мүддесіне сай келетін бұл әдіс жеке тұлғаның психоэмоционалдық жай-күйіне кері әсерін тигізбей қоймайды.
Тағы бір маңызды аспект — цифрлық алгоритмдердің тұтынушы талғамын оның өзінен де тереңірек біледі деген түсінік. Жүйе пайдаланушының тек дербес қызығушылық аясына сәйкес келетін мазмұнды ғана сұрыптайды. Біз белгілі бір жарияланымдарды қарап, мақұлдау белгісін қалдырған немесе пікір жазған сайын, алгоритмдер осы әрекеттердің негізінде тек ұқсас ақпараттардан тұратын жеке таспа түзеді.
Осының салдарынан адам біржақты, біртекті ақпарат тасқынының құрсауында қалады. Қазіргі уақытта бұл құбылыс ғылыми айналымда ақпараттық көпіршік (filter bubble) феномені деп аталады.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер пайдаланушыға шынайы өмірден алшақ, қолдан жасалған мінсіз бейнелерді жиі ұсынады. Бұл адамның өзін өзгелермен үздіксіз салыстыруына түрткі болып, бойындағы ішкі үрей мен мазасыздық деңгейін арттырады. Осындай сәтте тұтынушы виртуалды әлемдегі көріністердің тек сыртқы иллюзия екенін ескере бермейді. Мәселенің ең өткір қыры — алгоритмдердің байыпты әрі сараптамалық сипаттағы материалдарды сирек ұсынатындығында.
Керісінше, қоғамда радикалды немесе шетін көзқарастар тудыратын жарияланымдар бірінші кезекте алға шығады. Осындай жағдайда пайдаланушы үшін сыни тұрғыдан ойлау қабілетін сақтау өте маңызды. Әсіресе, ақпаратты сезімталдықпен қабылдайтын, әсершіл тұлғаларға бұл фактордың психологиялық қысымы жоғары болады. Сонымен қатар, жан-жақтан ағылған ақпарат тасқынын елеп-екшеуге тәжірибесі жетпейтін жасөспірімдер де негізгі қатерлі топты құрайды.
Жасөспірімдер пайымы
Біз Алматы қаласының бірнеше жасөспірімімен тілдесіп, олардың бүгінгі талқыланып отырған өзекті тақырып төңірегіндегі ой-пікірін білген едік.
Диана Амантаеваның айтуынша, ол әлеуметтік желі алгоритмдерінің жұмыс істеу ерекшеліктерінен хабардар, себебі бұл мәселе қоғамда жиі талқыланады. Оның пайымдауынша, ғаламтор білім алу үдерісінде тиімді көмекші құрал болумен қатар, құрдастарымен коммуникация орнатуға және бос уақыткуды тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Отбасындағы медиагигиена ережелеріне сай, ол виртуалды тәуелділікке бой алдырмауға тырысады. Дегенмен, респондент ғаламтордың заманауи тұрмыстың ажырамас бөлшегіне айналғанын атап өтті.

«Әлеуметтік желілердің біз іздемеген, сұрамаған дүниелерді алдымызға еріксіз шығара беретіні жүйкені тоздырады. Алайда, ғаламтордан жырақтап, ұзақ уақыт тыс қалсаң да, бірдеңе жетпей тұрғандай мазаң қашады екен. Негізі желіден жаңа ақпарат қарап, танымдық дүниелерді көкейге түйген ұнайды», — деп ағынан жарылды Владимир Зиборов.
«Ішім пысса, я болмаса автобуста, аялдамада уақыт өткізу керек болса, бірден TikTok-ты қосамын. Онда неше түрлі ақпарат қаптап жүр. Бірақ мен оған бола бас қатырмаймын, уақытымен бәрін реттеп, түсініп алуға болады деп ойлаймын», — дейді Айнұр Аукенова.

«Баламен арадағы сенімді ерте жастан қалыптастыру қажет»,- дейді психолог.
Жасөспірімдердің виртуалды кеңістікте бағдар жоғалтпай, ақпараттық қауіпсіздікті сақтай алуы қаншалықты маңызды екенін білу үшін психолог Жанна Сафиуллинаның ойын бөлдік.

Маманның пікірінше, бала тұлғалық тұрғыдан өтпелі кезеңге қадам басқанға дейін-ақ оның санасына көптеген танымдық негіздерді сіңіріп үлгеруге болады.
«Бала әлі есейіп, өтпелі кезеңге өтпей тұрып, яғни ата-ананың сөзі ол үшін бұлжымас заң болып тұрған сәтте біз оған көп нәрсені үйрете аламыз. Шамамен 12 жасқа дейінгі аралықта бала санасына ауқымды білім қорын сіңіруге мүмкіндік мол.
Осы іргетас дұрыс қаланса, ол жасөспірім шаққа жеткенде ғаламтордан алатын ақпаратына сыни тұрғыдан қарап, мазмұнды саналы түрде таңдай бастайды. Алайда, бұл оған дейін баламен арадағы диалогтың қалай өрбігеніне тікелей байланысты», — дейді маман.
Сонымен қатар, психолог ғаламтор кеңістігінде жасөспірімдердің дамуына септігін тигізетін пайдалы дүниелердің де аз еместігін алға тартады.
«Ақпаратты жедел іздеп табу мүмкіндігі оқу үдерісінде, дүниетанымды кеңейтуде таптырмас құрал. Бірақ сол ақпаратты елеп-екшеу, сүзгіден өткізу өте маңызды. Жасөспірімдер әлеуметтік желіні бос уақыт өткізудің жалғыз баламасы деп қабылдамауы тиіс. Ол үшін ересектердің де өрісі кең болып, әртүрлі құндылықтарға қызығушылық танытқаны жөн», — деп атап өтті Жанна Сафиуллина.
Психолог баланың жеке көзқарасына құрметпен қарап, оны бірден сынаудан аулақ болуды ұсынады.
«Оның бұл мәселеге қатысты ойын сұрап, бірге талқылау қажет, бірақ бірден мін тағып, сынға алуға болмайды. Сонда бала қандай да бір жағдайда ата-анасына келіп, ішкі сырын ақтара алатынына сенеді. Егер әлеуметтік желіден күмәнді дүние көрсе, оны жасырмай айтады. Мұндай ашық қарым-қатынасты жасөспірімдік кезең басталмай тұрып, уақыт бөліп, күш-жігер жұмсау арқылы қалыптастыру керек. Сонда ғана ғаламтордағы түсініксіз әрі бірмәнді емес контентті бірлесе талқылауға мүмкіндік туады», — деп қорытындылады психолог.
Қазақстан мен әлемдік статистикалық көрсеткіштер
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі әрбір оныншы жасөспірім әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелділікке бой алдырған.
«Әлеуметтік желілердің жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсерімен қатар, теріс ықпалы да бар екені даусыз. Дәл осы себепті цифрлық сауаттылыққа баулу мәселесі алдыңғы орынға шығады. Өкінішке қарай, бұл білім беру үдерісі жастардың қабылдау жылдамдығы мен қарқынды дамып жатқан технологиялардың көшіне ілесе алмай жатады. Біз осы алшақтықтың зардабын көріп отырмыз. Егер үкіметтер, денсаулық сақтау органдары, мұғалімдер мен ата-аналар қалыптасқан жағдайдың түпкі себептерін саралап, оны түзетуге бағытталған нақты қадамдар жасамайтын болса, салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін», — деді ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры, доктор Ханс Клюге.
Ал біздің елімізге келетін болсақ, 2025 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша әлеуметтік желі пайдаланушыларының саны 15,7 миллион адамға жеткен. Бір жыл ішінде желі аудиториясы 11,2%-ға өсіп, оған 1,6 миллионға жуық жаңа пайдаланушы қосылған.
Бұған қоса, Қазақстандағы балалардың шамамен 60%-ы әлеуметтік желілерді 9–10 жасынан бастап қолдана бастайды. Ал 11–12 жастағы жасөспірімдердің үштен екісінің дербес аккаунттары бар. Мұндай деректер БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) «Kids Online Kazakhstan» атты зерттеуінде келтірілген.
«Мектеп бағдарламасына медиасауаттылық сабақтарын енгізу өте өзекті. Балаларды ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларына баулу қажет. Жасөспірімдер қазір тек алгоритмдердің жетегіндегі тұтынушы емес, олардың өздері де контент жасаушы авторларға айналды. Сондықтан оларға цифрлық бедел, желідегі жауапкершілік scan пікір жазу мәдениеті туралы айту маңызды. Бүгінгі жасөспірімдер — ортақ цифрлық кеңістіктің бір бөлшегі. Медиасауаттылық дағдылары мектептегі басқа іргелі пәндер сияқты өмірлік қажетті базалық білімге айналуы тиіс», — деп түйіндеді медиабілім беру саласының маманы Жанар Жақанова.
Желілік алгоритмдердің теріс ықпалын бәсеңдету жолдары
Қажетсіз ақпарат ағынын бәсеңдету. Өзіңізге ұнамайтын әрі алдағы уақытта көргіңіз келмейтін жазбалар кездескенде, платформаның ішкі мүмкіндіктеріне сүйеніп, ұнамады, жасыру немесе қызықтырмайды батырмаларын басуды әдетке айналдырған жөн.
Ақпарат көздерін әрәлуандандыру. Жоғарыда айтылған ақпараттық көпіршік (filter bubble) құрсауын бұзу үшін бірсарынды емес, мазмұны мен бағыты әртүрлі, сан алуан ақпараттық арналарға жазылу ұсынылады.
Экран уақытын бақылау. Гаджеттерді пайдалану уақытын шектеп, реттеп отыру үшін арнайы бағдарламалық жасақтамалардың көмегіне жүгінген тиімді. Мысалы, iOS жүйесіндегі Screen Time, ал Android платформасындағы Digital Wellbeing функциялары бұл міндетті сәтті атқарады.
Алаңдатушы факторларды жою.Браузерлерге арналған арнайы News Feed Eradicator кеңейтілімін орнатуға болады. Бұл бағдарлама желідегі негізгі жаңалықтар таспасын жасырып, оның орнына мотивациялық цитаталарды шығару арқылы пайдаланушының зейінін шашыратпауға көмектеседі.
Желілік хабарламаларды сүзгілеу.Психологиялық қысымды азайту үшін телефон баптауларынан маңызды емес хабарламаларды өшіріп, тек ең қажеттілерін ғана қалдыру маңызды.
Цифрлық ізге жауапкершілікпен қарау.Лайк басу, репост жасау және пікір қалдыру әрекеттеріне барынша зейін қою қажет. Өйткені, алгоритмдер сіздің алдағы дербес таспаңызды дәл осы виртуалды белсенділігіңізге сүйеніп түзеді.












