Қазақстандық таксистерді қатаң цифрлық бақылауға алу қажеттілігін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева түсіндірді. Оның айтуынша, бұл қадамның бірінші себебі – онлайн такси қызметтері дәстүрлі диспетчерлік қызметтерді толықтай ығыстырып шығарды.
«Қайтарға жол жоқ. Біз мұндай ыңғайлы қызмет үшін өз өміріміз бен денсаулығымызды тәуекелге тігудеміз. Сондықтан, такси қызметіне тапсырыс беру кезінде жүргізушілердің цифрлық тексеруден өтуін қамтамасыз ету керек. Бұл үшін такси қызметтерінің жүйелерін мемлекеттік жүйелермен біріктіріп, жүргізуші куәлігінің санаты, техникалық тексеру, сақтандыру секілді мәліметтерді тексеруді жолға қою қажет», – дейді депутат.
Смышляева сондай-ақ, жол-көлік оқиғасын тіркегенде, тасымалдау санаты мен тапсырыс берілген платформаның мәліметтерін көрсету қажеттігін атап өтті.
«Сапар төлемдерін қабылданған кезде жолаушы мен тасымалдаушы туралы, сондай-ақ сапардың уақыты мен бағыты туралы ақпаратты төлем құжаттарында көрсету қажет. Сонымен қатар, осы саладағы заңнаманың сақталуы үшін мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту керек. Қазіргі заманғы цифрлық құралдар бұл міндеттерді тұтынушылар мен көлік жүргізушілеріне зиян келтірмей жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті депутат.
Оның айтуы бойынша, жыл сайын бір ірі платформа шамамен 25 миллион сапарды өңдейді. Сонымен қатар, көптеген платформалар тек жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы хабарландыруларды жариялаумен шектеледі.
«Қатысушыларға қойылатын талаптар өте төмен. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұмыс істейтін тасымалдаушылар да бар. Мұндай қызметтер ешқандай бақылауға алынбайды. Соның салдарынан сақтандыру талаптары орындалмайды, қызметті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін билет жүйесі жоқ. Нәтижесінде, жол-көлік оқиғасында қайтыс болғандардың отбасылары мен жарақат алған адамдар коммерциялық сапар болғанын дәлелдеуге мәжбүр», – деп түсіндірді Смышляева.