АҚШ-тағы Atlantic Council жанындағы Цифрлық кеңістікті зерттеу зертханасы (DFRLab) Telegram, WeChat және WhatsApp мессенджерлерінің қауіпсіздігін сарапқа салды. Мамандар бұл платформалардың АҚШ-та жалған ақпарат пен үгіт-насихатты таратуда қаншалықты жиі қолданылатынын да бағалаған.
Зерттеу кезінде қолданушы деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін екіжақты қорғалған байланыс жүйесінің бар-жоғына баса назар аударылған. Мұндай жүйе арқылы ақпарат тек хабарды жіберуші мен қабылдаушыға ғана қолжетімді болады. Қазір бұл қауіпсіздік әдісі WhatsApp пен Signal секілді қосымшаларда автоматты түрде іске қосылады. Telegram-да оны тек «құпия чат» арқылы қолмен қосуға болады, ал WeChat-та мұндай мүмкіндік мүлде қарастырылмаған.
Telegram қолданушылары үшін хабарламалардың қауіпсіздігі таңдалған байланыс түріне тікелей байланысты. «Құпия чаттарда» ақпарат толығымен қорғалып, серверде сақталмайды, ал қарапайым жеке чаттар мен ашық арналардағы мәліметтер Telegram серверлерінде шифрланып сақталады. Алайда бұл шифрлау кілті компанияның өз бақылауында. Сондықтан, платформадағы құпиялылық деңгейі – қолданушы қандай байланыс түрін пайдаланғанына байланысты.
WeChat – Қытайдың Tencent компаниясына тиесілі халықаралық қосымша. Ол Қытайдың киберқауіпсіздік пен ұлттық барлау туралы заңдарына бағынады. Бұл платформадан Қытай билігіне ақпарат беру талап етілуі мүмкін. WeChat хабарламаларды сквоздық қорғау арқылы шифрламайды, сондықтан құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерге жеке деректер мен мазмұнға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Сарапшылардың айтуынша, Қытай аумағындағы WeChat қолданушылары тіпті келісім бермесе де, олардың жеке мәліметтері жиналуы ықтимал. Бұл – Қытайға жұмыс бабымен немесе оқуға жиі баратын қазақстандықтар үшін назар аударатын маңызды жайт.

Қытай заңнамасына сәйкес, WeChat қосымшасы құқық қорғау органдарына қажет болған жағдайда қолданушылар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті. Ал 2023 жылдың басында Telegram платформасы жайлы дабыл қаққан деректер тарады. Мысалы, ресейлік ФСБ қызметі тіпті жеке, құпия чаттарға дейін қашықтан қол жеткізген болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда мұндай мәлімдемелер ешбір нақты дәлелмен расталмады.
WhatsApp бүгінде әлемдегі ең танымал хабар алмасу құралы саналады. Meta компаниясына тиесілі бұл қосымшаның екі миллиардтан астам тұрақты қолданушысы бар. Онда әуел бастан енгізілген қорғалған байланыс жүйесі арқылы жазбаларды үшінші тараптың бақылауынан сақтау көзделген. Дегенмен WhatsApp әкімшілігі қызмет барысында қолданушы жайлы жан-жақты метадеректер жиналатынын ашық мойындайды. Мұндай мәліметтердің қатарына құрылғы түрі, орналасқан жері, пайдаланушы әрекеті, тіпті жіберілген немесе қаралған фотосуреттер мен бейнематериалдар да кіреді. Яғни шифрлау тек хат мазмұнын қорғайды, бірақ ол туралы қосымша ақпараттың (қайдан, қалай, кімнен, қайда жіберілгені) бәрі жүйеде сақталады.
DFRLab сарапшыларының есебінде қазіргі мессенджерлердегі құпия байланыс жүйелері ашық әлеуметтік желілерге қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екені нақтыланады. Мұндай қосымшаларда жеке жазбаны бақылау анағұрлым қиын.
Алайда ақпараттық қауіпсіздік тек технологиялық шешімдерге ғана байланысты емес. Жеке деректердің не хат-хабарламалардың таралуына көбіне қолданушылардың өзі себеп болады. Бұл жайлы сарапшылар да Atlantic Council ұйымдастырған онлайн-талқылау барысында ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, қандай мықты қорғаныс жүйесі орнатылса да, адам факторына келгенде оның әлсіз тұстары айқын көрінеді.
Стэнфорд университетіндегі Интернетті зерттеу зертханасының сарапшысы Риана Пфеферкорнның айтуынша, біреуге хабарлама жіберу — сол адамға сенім артудың белгісі. Алайда ол адам бұл сенімді ақтамай, жазысқан әңгімені скриншот жасап, өзгелерге таратуы мүмкін. Риананың сөзінше, құқық қорғау органдары хат мазмұнын оқи алмаса да, желіде заңсыз ақпараттың таралуын тоқтату ең алдымен қолданушының өз қолында. Ол үшін арнайы мекемелерге немесе қосымшаны жасаушыларға хабарласу жеткілікті.
Dalberg Design компаниясының серіктесі Роберт Фабрикант та осыған ұқсас пікірде. Оның айтуынша, қауіпсіздік — тек қосымша ұсынатын функциялармен шектелмейді. Бұл ең алдымен адамның ішкі сеніміне, өзін қалай сезінетініне байланысты. Егер қолданушы өзін қорғансыз сезінсе, ең жетілген жүйенің өзі оған қауіпсіздік сезімін бере алмайды. Сол себепті Фабрикант мессенджерлердің қауіпсіздігін зерттегенде техникалық шешімдермен қатар адамдардың психологиялық жай-күйін де ескеру қажет дейді. Яғни қолданушының нақты қандай жағдайларда өздерін қауіпсіз сезінетінін түсіну — зерттеудің негізгі нысанына айналуы керек.

Digital Forensic Research Lab (DFRLab) зертханасының сарапшылары жүргізген зерттеуге сәйкес, мессенджерлер тек жеке хат алмасу құралы ғана емес, сонымен қатар үгіт-насихат, сыртқы ықпал ету және жалған ақпарат тарату тетігіне де айналған.
Мамандардың айтуынша, саяси мақсат көздейтін тараптар үшін қосымшаны таңдаудағы негізгі өлшем — оның қамту ауқымы мен ақпаратты тарату әлеуеті. Зерттеу барысында Қытайдың Коммунистік партиясы WeChat арқылы шетелдегі студенттерге ықпал етуге тырысқаны, ал Telegram-да Ресейдің саяси нарративтерді кеңінен таратқаны туралы айғақтар табылған. Бұл платформаларды екі ел үкіметі және оларға жақын тұлғалар АҚШ пен басқа мемлекеттердегі қоғамдық пікірге әсер ету үшін жүйелі түрде пайдаланған.
Telegram-ның ашық арналары жаңалық таратуда кең қолданылады. Мұнда мәтінді сурет, видео, сілтеме, пікір мен реакциямен толықтырып, тікелей эфир жүргізуге де болады. Бұл мүмкіндіктер тәуелсіз журналистер мен контент жасаушылардан бастап, ірі медиаресурстарға дейін түрлі ақпарат құралдарын тартқан. Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, 2022 жылы The Washington Post пен The New York Times сынды беделді америкалық басылымдар Telegram-да ресми арналарын ашты.
Алайда дәл осы ашықтық жалған ақпарат таратуға да қолайлы орта туғызды. DFRLab сарапшыларының пайымынша, Telegram-дағы кей арналарда дезинформация кеңінен тарап жатыр. Мұның себебі — топтардың тым үлкен болуы, әкімшілердің кім екені белгісіздігі және мазмұнды басқа арналардан оңай көшіріп, қайта тарату мүмкіндігі. Осы тетіктерді пайдаланған Ресей ағылшын тілді аудиторияға арналған насихатын Telegram арқылы жүргізген. Тіпті бір ғана ақпаратты солшыл және оңшыл көзқарастағы аудиторияларға бейімдеп тарату тәсілін де меңгеріп үлгерген. Сондай-ақ, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың жақтастары Telegram-ды 2022 жылғы аралық сайлауға дайындық кезінде және алдағы 2024 жылғы президенттік сайлау қарсаңында саяси үгіт құралы ретінде белсенді қолданған.
WeChat-тағы жағдай сәл өзгеше. Бұл платформада пайдаланушының міндетті тіркеуі мен автоматты бақылау жүйесі ашық дезинформацияны тежейтін фактор ретінде бағаланады. Алайда бұл кейде шынайы деректердің де жолын бөгейді. DFRLab сарапшылары WeChat-та әсіресе Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты идеологиялық сипаттағы жалған ақпараттар таралғанын атап өтті. Оның көбі Қытай Коммунистік партиясына қарайтын ресми ақпарат агенттіктерінің парақшаларынан шыққан.
Зерттеу барысында WhatsApp-та жалған ақпарат пен сыртқы ықпалға байланысты ауқымды науқандар тіркелмеген. Мұны сарапшылар топ көлемінің шектеулі болуы мен ішкі ережелердің қатаң сақталуымен түсіндіреді. Дегенмен, WhatsApp-та таралған контент әлеуметтік желілер арқылы оңай қайта бөлініп, ауқымды аудиторияға жетуі мүмкін. Бұл да дезинформацияның таралуына жол ашуы ықтимал.
DFRLab бұл зерттеу АҚШ-тағы жағдайды ғана қамтығанын, ал өзге елдер мен басқа платформалардағы ахуал одан өзгеше болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Зерттеудің түйінінде авторлар жеке мәліметтердің қорғалуы — техникалық қана емес, саяси мәселе екенін баса айтады. DFRLab-тың аға ғылыми қызметкері Ирия Пуйосаның пікірінше, қолданушылардың деректерін сенімді қорғау үшін нақты әрі мызғымас заңнамалық негіздер қажет.
«Бұл жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам болуы тиіс», – дейді ол.
Digital Forensic Research Lab (DFRLab) — Atlantic Council аналитикалық орталығына қарасты зерттеу құрылымы. Ол цифрлық коммуникациялар мен киберқауіпсіздікті зерттеп, жалған ақпаратпен күрес жолдарын ұсынады. Оның құрамында бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, ІТ-мамандар мен қоғамдық ұйым өкілдері бар.
Мақала ашық дереккөздерге сүйене отырып жазылды.